Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Асарлатып үй салу» жобасын енгізгені мәлім. Бұл игілікті шара жұртты қуантуда. Осы жобаға орай ауданымыздың 9 ауылдық округінде де тұрғын үй салу жұмысы қарқынды жүргізілуде. Негізінен, асарлатып соғылып жатқан үйлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасыларға ауыл тұрғындары, ақсақалдар, жастарының көмегі мен кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асуда.
Ауданымызда сондай асарлатып соғылған үйлердің алғашқысы Майтөбе ауылында берілген болса, екінші баспана Аққұм ауылының тұрғыны, әлеуметтік аз қамтылған отбасы санатындағы Такеев Қанат Жанысұлы баспаналы болды.
Бүгін осындай үлкен үй салып беруге атсалысқан аудан, ауылымыздың басшыларымен имамына, ақсақалдары мен жастарына, кәсіпкерлерге, барлық ауылдастарыма алғысым шексіз. Ынтымақ-бірлігіміз ажырамасын. Қиын-қыстау кезде осындай қолдау көрсетіп жатқан баршаңызға Алланың нұры жаусын,- деді қуанышын жасыра алмаған жаңа қоныс иесі Қанат Жанысұлы.
Сырты қоршаумен қоршалып, заманауи үлгіде соғылған төрт бөлмелі үй. Құны 2 миллион 500 мың теңге тұратын, жалпы алаңы 110 шаршыметрлік төрт бөлмелі үйдің құрылысын ауыл жастары тура төрт айдың ішінде бітіріп берді.
Бүгінгі таңда үйдің шатыры жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары толығымен аяқталған. Демеушілердің көмегімен жаңа қоныс иелеріне жиһаз бен тұрмыстық техникалар да тату етілді.
Той, тойға ұласып, Т.Тұңғатар көшесі бойынан ауыл азаматы Отаров Есенгелді мырзаның тікелей жетекшілігі және демеушілігімен, құны 2 миллион 500 мың теңге тұратын 4 бөлмелі 90 шаршыметр көлемі бар үй соғылып, Т.Тұңғатар мешітіне қызмет көрсету үйі берілді. Қоныс тойында ауылдың бой көтерген жаңа тұрғын үйлердің кілтін Облыс әкімінің орынбасары Жылқыбаев Ержан Жұматұлы мен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы табыс етті.
«Келісті атаның жолы-кейінгіге үлгі» демекші, жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асар» ісі ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс.