A place where you need to follow for what happening in world cup

Абай көшесі атына заты сай болуы керек

0 233

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының келбетіне көрік қосуға мықтап кірісуде. Бұған дейін аймақ басшысы облыс орталығындағы өндіріс орындарын аралаған болса, енді қала құрылысына айрықша көңіл бөлуде.

Өңір басшысы бұл жолы Абай көшесінің бойында орналасқан үйлердің жағдайымен танысып, бірқатар сын-ескертпелерін айтты.

 Биыл мұндағы №132, 128, 123, 121, 117 үйлердің сəулеттік келбетін қайта жаңғырту жұмыстары  жүргізіледі.  Ол  үшін біркелкі эксиздік жоба әзірленген. Үйлердің сәулеттік келбетіне, әрлеу мен сырлауына баса мән берген дұрыс. Өйткені, Абай есімін иеленген көше атына заты сай болуы тиіс. Сонымен бірге, бұл үйлердің шатыры қатты тозған. Қасбеттері мен шатырын ауыстыруға көмек беретін демеушілерді тарту керек. Қала басшылығы осыны назарда ұстауы тиіс, – деді облыс әкімі.

Жалпы Тараз қаласында 1300-ден астам көпқабатты үй бар. Солардың 521-і жөндеуді қажет етеді. Бүгінге дейін 270-і жаңартылса,  биыл 80 үйге «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту»  бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 3,3 миллиард теңге  бөлінген.  Қазіргі таңда 41 үйге жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бұл шаруамен 13 құрылыс компаниясы айналысуда. Бағдарлама шеңберінде көпқабатты үйлердің жертөлесі жөнделіп, шатырлары ауыстырылады. Кіреберістері де қайта қалпына келтіріледі. Ерекше айтып өтерлігі, құрылысқа  жауапты компанияны тұрғындардың  өздері таңдап, жұмыс барысын бақылайды.

Бұдан кейін  «Астана» шағын ауданында болған Бердібек Машбекұлының  Қазақ хандығының 550 жылдығына орай салынған «Сарайшық» скверіне көңілі толмады.   Сквердің кірпіштері құлап, тас төсеніштері мүжіле бастаған. Субұрқағы  істемей қалған. Осы ретте  Тараз қаласы  әкімдігіне кемшіліктерді тез арада түзету тапсырылды. Сондай-ақ, осы шағын аудандағы үйлердің қабырғасына салынатын суреттер жобасы да зерделенді.

–  Абай көшесінің бойында Абай Құнанбайұлының, Әл-Фараби көшесіне Әл-Фарабидің суреттерін салу керек. Сонымен бірге, бұл өңірден шыққан қаншама белгілі тұлғалар бар. Атап айтсақ, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза секілді көптеген белігілі тұлғалардың, спорт саңлақтары мен Олимпиада чемпиондарының  суретерін бейнелеуге ден қойған абзал, – деді Б.Сапарбаев.

Келесі кезекте облыс әкімі  ҚР Тұңғыш Президенті атындағы  саябақта болды. Мұндағы жағдай  да  Бердібек Машбекұлының көңілінен шыға қоймай, ол  саябақтағы  бұлақ көздерін ашу, ондағы су тоғанын балдырлардан тазарту, ашық аспан астындағы сахна мен сол маңайдағы тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін ретке келтіру сынды жұмыстарды шегелеп тұрып тапсырды.

 

Саятхан Сатылғанов

 

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.