Асар – қазақтың ежелгі дәстүрі, оның басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған жақынына көмектесу.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бұл игі дәстүрді жамбылдықтар қайта жаңғыртып, мұқтаж отбасыларға арнап үйлер салып беруде.
Осы орайда, Жамбыл өңірінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында Сарысу аудандық әкімдігінің бастамасымен және ауылдағы азаматтардың қолдауымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған.
Бүгін аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев асар жобасы бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына өз үлесін қосты.
Сарысулықтар асарлатып баспана тұрғызып жатыр. Аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үйдің құрылысы ауыл-ауылдарда да бой көтеруде.
Асарға аудандық мәслихат хатшысы А.Сейналиев, депутаттар: Талғат Түсіпбеков пен Ғани Рыспановтар, барлық мекеме кәсіпорын басшылары қолқабысын беруде.
Сондай-ақ, көпшіліктің көмегімен іргетасы қаланып, тұрғызылуда.
Игі бастамаға басшылар да атсалысып, белсенділік танытуда.
Сарысулық еріктілер де асарға қатысып, ауызбірлік танытты.
Бірі тас әкеліп төксе, енді бірі топырақ пен цемент алып берді. Кәсіпкерлер есік-терезе, басқа да қажетті материалдармен қамтамасыз етпек.
Бүгінгі тұрғызылып жатқан үй тәуелсіздік қарсаңында беріледі деп күтілуде.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы