Бейсенбі күні аудан әкімі Сәкен Арубаев, орынбасары Нұрлан Несіпбеков және аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Болат Бабашевпен бірге «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Қаракемер ауылындағы 90 келушіге арналған клубтың бүгінгі жағдайын қарап көрді.
Бүгінгі таңда аталмыш нысандардың құрылысы толығымен аяқталған. Спорт кешеніне аудан мақтаныштарының суреттері ілініп, тазалау жұмыстары жүргізілсе, ауылдық клубтың сыртқы қоршауы ғана қалып отыр. Нысандарды бүге-шүгесіне дейін аралаған аудан басшысы бірқатар кемшіліктердің орнын жедел толтыру қажеттігін сала мамандарына тапсырды.
Мұнан соң Сәкен Қаланұлы тұрғындардың Аса ауылы Абай көшесімен арлы-берлі қатынауға құрылыс жұмыстарының кедергі болғаны туралы әлеуметтік желідегі сауалына назар аударды. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатқан бес қабатты 76 пәтерлі тұрғын үйге қазіргі таңда кәріз жүйесі мен жылыту құбырларын орналастыру жұмыстары қарқын алған. Жолды уақытша бекітуге де себеп осы. Мердігермен жүздескен аудан басшысы орталық көшедегі кептелісті тезірек реттеу керектігін алға тартты.
– Тұрғындар мына жолдың бойындағы баяу тірлікке көңілі толмай отыр. Бүгін әлеуметтік парақшаға осы бойынша сауалдар келіп түсті. Өткен сенбі күні басталған жұмыс әлі күнге дейін мәресіне жеткен жоқ. Жұмысты 2-3 күн ішінде аяқтаңыздар,– деді Сәкен Қаланұлы.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі