A place where you need to follow for what happening in world cup

«Аудандардан футбол академиясын ашу қажет»

0 158

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» футбол клубының ұжымымен кездесті, — деп хабарлайды «tugyr.kz» АА

Өңір басшысы «Тараз» футбол клубының ұжымымен кездесуде миллиондаған көрерменнің сүйікті ойыны – футболдың көптен бергі жанкүйері екендігін, ел және әлем спортының жаңалықтарына әрдайым назар аударып отыратындығын тілге тиек етті.

Жамбыл өңірінен түлеп ұшқан талантты футболшылар аз емес. Бүгінде олардың бірқатары еліміздің көптеген клубтарында өнер көрсетуде. Солардың бірі Бауыржан Исламханның шетел клубында ойнап жүргенін айрықша айтуға болады.
Бердібек Сапарбаев жергілікті клубтың қазіргі құрамының басым бөлігі – жергілікті жастар екеніне көңіл бөлді. Сонымен қатар ол Жамбыл футболының тарихы тереңде екенін, кезінде КСРО құрамасының мүшесі болған Сейділдә Байшақов, Сеулдегі Олимпиада ойындарының чемпионы Евгений Яровенко, басқа да даңқты аяқдоп шеберлерінің есімін ерекше атап өтті.
Аймақ басшысы клубтың бас жаттықтырушысы Владимир Никитенкомен, оның ассистенті Ваит Талгаевпен жақын таныстығын білдірді. Айта кетейік, олар бір кездері шебер ойыншы ретінде өздерін көрсете білсе, кейіннен бапкерлік салада да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
– Клубтың материалдық-техникалық базасы жақсы, оны одан әрі дамыта түсетін боламыз. «Жастар» стадионын жаңғырту жұмыстарында кеткен кемшіліктерді қалыпқа келтіруді мердігерден талап етеміз. Шатыр-қалқа орнату жұмыстары қолға алынады. Орталық стадионның мүмкіншілігін УЕФА-ның барлық талаптарына сәйкестендіретін боламыз. Сондай-ақ, «Локомотив» стадионын қайта жаңартамыз. Болашақта «Тараз»-дың Еурокубокқа қатысатын уақыты туады деп үміттенемін, бірақ ол үшін көп тер төгу керек.

Екінші лигадағы жергілікті команданың әлеуетін күшейтіп, бірінші лигада өнер көрсету мүмкіндігіне қол жеткізу керек. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге күмәніміз жоқ. Егер де алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсете алсаңыздар, қаржыландыру деңгейі де арта түседі, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Айта кету керек, клуб өз кадрларын тәрбиелеуге аса көңіл бөлуде. Бүгінде клубтың екінші құрамы толығымен жергілікті ойыншылардан тұратыны соның айғағы. Ал негізгі құрамның 25 ойыншысының 17-сі жамбылдық.
Кездесуде «Тараз» ФК басшысының міндетін атқарушы Ғабит Қазбеков алдағы маусымда алтыншы орыннан төмен көрсеткіш көрсетпеуді мақсат етіп отырғандықтарын жеткізді.
Бас жаттықтырушы Владимир Никитенко команда жоспардағы барлық жаттығуларын ойдағыдай өткізгенін тілге тиек етіп, алдағы біріншілікте жаңа регламент бойынша ЕАЭО құрамына кіретін елдердің ойыншылары енді легионерлер болып саналмайтындығына назар аудартты.
Команда капитаны Мақсат Әмірханов ойыншылардың бұл маусымда жақсы нәтижеге жету үшін бар күш-жігерлерін салуға дайын екендігін айтып, өңір басшысына 10 нөмірлі жейде мен клуб шарфын сыйға тартты.
Легионерлер атынан беларус қорғаушысы Валерий Каршакевич сөз алып, ол команданың біртұтас әрі тату-тәтті бір ұжым екендігін атап өтті.
– Командада жақсы моральдық-психологиялық ахуал қалыптасу керек. Клуб облыстың барлық спорт мектептерімен, әсіресе ауылдармен байланыс орнату қажет. Өйткені, көрінбей жүрген көптеген таланттар аз емес. «Былғары доп» облыстық турнирін жаңғырту, барлық аудандарда футбол академиясын құру, «аудан-қала-облыс» кезеңдері бойынша іріктеу турнирлерін ұйымдастыру қажет. Басты талап – тәртіп, футбол алаңында ғана емес, өмірде де бір-біріне құрмет көрсете білу.
Мен футболды өте жақсы көремін, тәжірибелі жанкүйермін. Егер сіздер жан-тәнімен беріліп өнер көрсетсеңіздер, біз де барынша қолдауға дайынбыз. Сол кезде жанкүйерлер де стадионға көптеп келеді деп ойлаймын, – деді кездесу соңында облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.