A place where you need to follow for what happening in world cup

Ауыл шаруашылығы министрі Жамбыл өңіріне келді

0 123

Жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Карашөкеев Тараз қаласын қоршап жатқан Жамбыл ауданына арнайы барып, өңірдегі «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асуын назарға алды.
Алдымен Министр аудан орталығы – Аса ауылы Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің жай-күйін көрді. Ғимарат 1975 жылы салынған. Бастапқыда кино көрсетілім орталығы болған нысан соңғы жылдары қараусыз қалған. «Ауыл – ел бесігі» жобасында күрделі жөндеуден өткен орталық бүгінде тәрбиленушілерді түрлі үйірмелерге машықтауда.


Орталықтың жұмысымен танысқан Ербол Шырақбайұлы алдағы уақытта әлемге, елге танылған өнер майталмандары шығуына тілектестігін білдірді.

ТАПТЫРМАС ОРТАЛЫҚҚА КЕЛУШІЛЕР КӨП

Мұнан соң министр аудан орталығындағы өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен салынған әмбебап спорт кешенінде болды.
224 балаға арналған спорт кешенінің құрылысын «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 594 миллион теңгеге жүргізген.
Жамбыл ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітовтың айтуынша, заманауи спорт кешенінен бөлек, мұнда үлкен футбол, екі кіші футбол, тенис, бокс, күрес, жүгіру, жаттығу алаңдары бар. Кешенде аудан жастары бекітілген кесте бойынша жаттығады.

Нысанды аралаған Ербол Шырақбайұлы:
– Жастарды спортқа мейлінше көп тартуымыз керек. Салауатты ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Олардың спортпен шұғылдануына қолайлы орта қалыптастыру мемлекеттің негізгі – міндеті. Күн-түн демей жаттығатын спортшылар ертең-ақ елдің қанжығасын майлайды. Сондықтан спортқа ерекше ден қою — маңызды. Бұл орталық чемпиондар шеберханасына айналсын, – деді.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҚ 1400 АДАМҒА АРНАЛҒАН

Мұнан соң министр аталмыш жоба аясында күрделі жөндеуден өткен «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру» орталығында болды. Нысан құрылысына 287 миллион 437 мың теңге қаралып, құрылыс жұмыстарын «Айна-City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі талапқа сай жүргізген.
Орталық директоры Салтанат Құрманованың айтуынша, 1400 балаға арналған орталықта 23 педагог техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беруге баулиды.
Балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылық ізденістерін, дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында техникалық үлгілеу, әуе үлгілеу, кеме үлгілеу, автокөлік ісі, робототехника, қызықты математика, тағам дизайны, аспазшы кондитер, жас суретші, саздан бұйым жасау технологиясы, стоп кадр студиясы, ағылшын тілі, сөйлеу шеберлігі, жас биолог-эколог, химия, киім үлгілеу және этнодизайн, алғашқы медициналық көмек көрсету үйірмелері жұмыс жасайды.

Мұнда да Ербол Шырақбайұлы ауыл-аймаққа сән берген жоба алдағы уақыттада жалғасын табатынын жеткізді.

АУЫЛДА АУЫЛДЫҚ КЛУБ САЛЫНҒАН

Орталықтан шыққан соң ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Карашөкеев Қаракемер ауылында жұртшылықтың өтінішімен бой көтерген 90 орындықты ауылдық клубқа барды. Аталмыш жоба аясында салынған нысанда түрлі үйірмелер ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылған.

ЖОБА АЯСЫНДА 4 МЕКТЕП ЖАҢАРҒАН

Сапарының соңында Ербол Шырақбайұлы Бектөбе ауылындағы Амангелді Иманов орта мектептің де құрылыс жұмысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын «Invest Kapatal Stroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының аудандық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова мектептің шатыры, ішкі әрлеу, еден, жылу, кәріз, электр жүйелерін және сыртқы келбетіне ретке келтірілгенін тілге тиек етті.

Министрге ауданғы соңғы жылдары жоба аясында жасалған игіліктерді айтқан Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев:

– Жалпы 2019-2020 жылдары ауданға «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясындағы 48 жоба 1,3 млрд теңге қаралып, ауыл-аймақтың реңі кіріп қалды. Тұрғындардың алғысы да ерекше.
Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауданымызда ауыз толтырып айтатындай жұмыстар атқарылғанын жергілікті жұртшылық жақсы біледі.

Жоба шеңберінде 2021 жылға 3 тіректі елді мекенді (Айшабибі, Полатқосшы, Өрнек) және 7 спутниктік елді мекендерді (Бектөбе, Қызылқайнар, Түрксіб, Пригородное, Гродиково, Ерназар, Тоғызтарау) қаржыландыру үшін 16 жобаға 883 млн 503 мың теңге бөлініп отыр.
Оның ішінде Өрнек ауылында 202 млн теңгеге 140 орынды өнер ордасының құрылысы басталды
Ағымды шығындар бойынша 15 жоба жүзеге асады, — дейді Сәкен Қаланұлы.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Карашөкеев алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асатынын, өңірге қолдау көрсетілетінін жеткізді

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.