A place where you need to follow for what happening in world cup

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді»

0 100

Ұлы мен қызына грант алып берді

Бүгінде жең ұшынан жал­ғасқан жемқорлықты жеңу мүмкін емес секілді. Көкейде «жегі құртпен» күрес туралы ұран тулап тұр­ғанымен, сы­байласып қа­зына қаржы­сына қол салған­дар­дың саны азай­май тұр. Бұған біз  Жам­был облысы әкімдігінің кәсіп­кер­лік және индустриалды-инно­вация­лық дамыту басқар­масына жүргізілген тал­дау нә­тижесін­де тағы бір мәр­те көз жеткіз­дік.

Жалпы,  басқармаға зерделеу жұмыстарын  ANTIKOR  орталығы жүргізген.  Нәтижесінде, ұйым­дастырушылық-басқарушылық қызметте, сондай-ақ  басқарма қызметін реттейтін нормативтік-құ­қықтық актілерде «сыбайлас жем­қорлыққа апарар жолдар» бар екені анықталған. Атап айтсақ, бас­қармада 2016-2020 жылдар ара­лығында жыл сайын 5-тен 8 қыз­меткерге дейін жұмыстан кетіп отыр­ған.  Штат саны басқармада 21 адамды құраса,   кадрдың тұрақ­тамауы 30-40 пайызды көрсеткен. Сонымен қатар әр қызметкердің бекітілген функционалдық мін­детінің болмауы белгілі болып  отыр.

Бұдан бөлек,  2019 жылғы 4 ма­мырда басқарма басшысы Отан қорғаушылар күніне  орай 15 мемле­кеттік қызметшіге лауа­зымдық жалақысының 50 пайыз  мөлшерінде сыйақы беру туралы бұйрық шы­ғарған. Алайда талдау басқар­маның басшылық құра­мының ақшалай сыйақыны толық жалақы көлемінде алғанын көр­сеткен. Яғни, басшылар өз­деріне толық айлық көлемінде сыйақы жаздырып, қалған қыз­меткерлерге тек 50 пайыздан берген. Нәти­жесінде,  төлем сомасы 116  518 тең­геден 170  817 теңгеге дейін бол­ған.  Сондай-ақ өткен жылғы Кон­ституция күніне орай сыйақы мөл­шерін белгілеуде дискреция­лық тәсіл қолданылған.

Ал «жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік грант беру» және «өндірістік инфра­құрылымды дамыту бойынша қолдау көрсету»  мемлекеттік қызметтері бойынша талдау барысында  былтыр  келіп түскен өтініштерді тіркеу журналы мүлде  болмаған. Осы мемлекеттік қыз­меттер бойынша 2019 жылғы хат­тама­лар­ды іріктеп зерделеу кон­курс­тың жекелеген қатысушы­ларына заңсыз артықшылық көрсету фактілерін және басқа­лардан негізсіз бас тарту деректері де анықталған. Мәселен, «Тұң­ғышбай» жеке кәсіпкердің  биз­нес-жобасын 13 комиссия мүше­лерінің  7-і қолдамағанымен,  оның идеясы мақұлданып кеткен. Осыған ұқсас Aitora  ЖШС және «Қадірман»  ЖК-ның  бизнес-жобалары бойынша конкурстық ко­миссияның шешімдері мен  мү­ше­лерінің көпшілігі қарсы бол­ғанына қарамастан оң бағаланған.  Ең сорақысы, зерделеу  кезінде «Тұңғышбай» ЖК және Aitora  ЖШС-ның  бизнес-жобалары осы күнге дейін жүзеге асырылмағаны белгілі болды.

Бұдан бөлек,  комиссия мү­шелерінің басым бөлігі оң  дауыс  бергенімен, грант тағайындаудан  бас тарту деректері де тіркелген.  Мысалы,  «ЖансәулеМыңтай» мен Agrojem жеке кәсіпкерлерінің  бизнес-жобалары бойынша ко­миссияның 14 мүшесінің 11-і олар­ды қолдағанына  қарамастан грант берілмеген.  Дәл сондай «Қанатбаев А.Б.»  және «Наушар­бан» жеке кәсіпкерлері де  комис­сия­ның 14  мүшесінің 10-ның  оң дауысын алғанымен,  гран­тқа қол жет­кізе алмаған.

Есесіне,  конкурстық комиссия мүшелері өздерінің туған-туыс­тарына  грант алып беруде ештеңе­ден қаймықпаған.  Мәселен,  А.Заурбекова комиссия мүшесі бола тұра, «А.Заурбекова» жеке кә­сіпкерлігін басқаратын қызы мен  «Ә.Б.Заурбеков» жеке кәсіп­керлігіне жетекшілік ететін ұлына оң дауыс беріп,  «Заурбекова А.Б.»-ға 2 миллион  теңге көлемін­де  грантты алып берген. Сол си­яқты  конкурстық комиссияның мүшесі Т.Айменов отырыс ба­рысында өз ұлының «Нью Алианс»  жеке кәсіпкерлігіне   3 миллион  теңгеге мемлекеттік грант алуына ықпал еткен.

Тағы бір айта кетерлігі, Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойын­ша департаменті  қызметкерлері басқарма өкілімен бірлесе кәсіп­керлердің мемлекеттік грант қа­ражатын пайдалануын зерделеу үшін 5 бизнес-жоба бойынша тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 1,5 миллион теңге мемлекеттік грант сомасын алған Energy ЖК өз биз­нес-жобасын іске асырмағаны анық­талып отыр.

Осылайша, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық да­мыту басқармасына қатысты бы­лық та, шылық та көп болып тұр. Әсіресе, комиссия мүшелері өз­гені өзекке теуіп, өзінің ұлы мен қызына ашықтан-ашық мемле­кеттік грант алып бергеніне не дер­сің?!

Аталған заңбұзушылықтар бо­йынша  департамент  сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туын­дау алғышарттарын жою бойынша құзырлы мекемелерге нақты ұсы­ным берген. Ендігі шешім солар­дың еншісінде.

Жастар да жымқыруды үйренді ме?

Жамбылдық жастар да мемле­кет қаржысын жымқыруды үйрене бастаған секілді. Мұндай байлам жасауымызға  Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша де­партаменті  жүргізген тексеріс се­беп болды.

Нақтырақ айтсақ, Байзақ ау­дан­дық  жастар ресурстық орта­лығының 2 қызметкері Нұр-Сұл­тан  қаласына бірнеше рет іссапар­ға барып,  шығындары  ұйымдас­тырушылар тарапынан мемлекет­тік грант аясында төленгеніне қа­рамастан, аталған азаматтар жұмыс орны арқылы да  қаржыға кенеліп қалуды көздеген. Нәти­жесінде,  жалпы сомасы 650 000 теңгеге жуық ақша қолды болып отыр.

Сонымен қатар еңбекақы тө­леу жүйесі  ережесіне сәйкес, бел­гіленген коэффициенттерді дұрыс есептемеудің салдарынан  Байзақ және Меркі ауданы жастар ре­сурстық орталығының қызмет­кер­лерінің біріне артық жалақы төленіп келсе, бірі кем айлық алған. Аталған мәселелерге бай­ланысты қазір    Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәсе­ле­лері  басқармасы мен   аудан әкімдеріне  артық төленген іссапар шығындарын қайтару және кем­шіліктерге жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұсы­ныс беріліп отыр.

Түйін:

Бұл ең бірінші қадағалаудын жоқ­тығынан болып жатқан жағдай. Егер жоғарыда аталған мекеме­лердің басшылары жұмысына жауапты қарап, грант үйлестіретін комиссия мүшелерін де жіті назарда ұстаса, мұндай олқылықтар орын алмас еді. Ал бақылау болмаса, әр­кім білгенін істейтіні де белгілі нәр­се. Мұндайда  қазақ «Қазаннан қақ­пақ кетсе, иттен ұят кетеді» де­мей ме?! Енді бұл жайтты жылы жа­уып қоймай, жауаптылардың қатаң жазалануы тиіс. Әйтпесе, ер­тең бұдан да сорақысы болуы бек мүмкін.

 

Саятхан САТЫЛҒАН

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.