Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигонының аумағында өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрам қызметкерлері Макаров тапаншасынан ату жаттығуларын орындады. Департаменттің жеке құрам инспекторы әділет майоры Дидар Рысбековтың басшылығымен өткен атыс дайындығында қызметкерлердің қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптары пысықталды. Сонымен қатар, офицерлер қару-жарақты сауатты қолдана отырып, өздеріне берілген мүмкіндікті мүлт жібермей нысанаға дөп тигізуге күш салды. Осылайша, ҚАЖ қызметкерлері жақсы физикалық дайындықтарын көрсетті.
Айта кетейік, жыл соңында облыстық ҚАЖ департаментіне бағынысты барлық түзеу мекемелерінің қызметкерлері қорытынды тексерістен өтетін болады. Жауынгерлік дайындықтың деңгейі бағаланатын бұл күні офицерлер атыс өнері мен физикалық дайындықтардан сынақ тапсырады. Қорытынды тексеру кезінде әрбір ҚАЖ қызметкерінің басты міндеті – жоғары нәтижеге қол жеткізу.