A place where you need to follow for what happening in world cup

Бұрымды балуанымыздың биігі

0 155

Жамбылдық жампоздар талай әлемдік додаларда атой салып жүргені белгілі. Сондай-ақ бұрымдыларымыздың да бағындырып жатқан белестері аз емес. Түркияның Анталья қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Еуропа кубогында жерлесіміз Шапағат Дәулеттің жасындай жарқылдауы соның анық дәлелі.

Небәрі 17 жастағы ҚР спорт шебері 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, күміспен күптелді. Жат жерде өткен дуы басым додада дараланған жерлесіміз Тараз қаласында орналасқан облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта тәлім алады.
Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы үш дүр­кін чемпионы Шапағат Қанатбек­қызы осы мектеп-интернатқа 2015 жылы қабылданған. Ондағы бапкерлердің бірі Гүлмира Игілікова­ның айтуынша, Шапағат­тың мектеп-интернатқа қабыл­дануына оның спорттағы айрық­ша дарыны себеп болған. Мәселен, 11 жасында Қытай Халық Республикасының Макауа арнайы әкімшілік аймағында өткен Азия кубогынан күміс жүлде­мен оралып, көзге түс­кен. Оның бұрнағы жылы Павлодар қаласында өткен ел бірін­ші­лі­гінде оза шабуы Шапағаттың ірі жеңістерінің бірі саналады. Былтыр Тараз қаласында ұйымдастырылған Азия чемпионаты мен Қытайда өткен сары құрлық бәсекесінде де бұрымды балуанымыз қола жүлдемен қуантты. Алматы қаласындағы Бекет Махмудовтың құрметіне арналған Азия кубогының да жүлдегері атанды.
– Отбасым Жуалы ауданы Күреңбел ауылында тұрады. Ата-анам қарапайым шаруа адамдары. Өзіміз бес ағайындымыз. Соның ішінде үлкен ағам мен інім спортқа жақын болып өсті. Жастайым­нан спортпен шұғылдануыма ағамның септігі тиді. Ал осы жетістіктерге жетуіме ауыл­дағы №13 спорт мектебінің жат­тық­тырушысы Қазыбек Тайжан себепкер болды. Ол кісі халықаралық дәрежедегі төреші. Сол кісінің арқасында спортқа бет бұрдым. Осы жолы түрік елінің Анталья қала­сын­дағы татамиде әлемнің 16 елі­нен келген 515 дзюдошы өз бағын сынады. Менің күміс жүл­деге қол жеткізуім үміт артқан бапкерлерім мен жанкүйерлерімнің тілеуі деп білемін, – дейді Шапағат Дәулет.
Қазыбек Тайжан Шапағатты жаттықтырып жүргенде бойынан спортқа деген ерекше қабілетті, жеңіске деген жігерді байқапты. Оның айтуынша, көп балалар әдіс-тәсілдің жасалу жолын білгенімен тәжірибеде сәтті қолдана алмайтын көрінеді. Ал бұл шәкірті зейінді. Сондықтан ол «мәселе үйретуде емес, үйренуде» деген пікірін білдірді. Оның бұдан бөлек, Ғани Сейділдаев, Асқар Нұридинұлы, Жанат Қанатбекұлы, Нұрбек Байдалиев сынды жас шәкірттері түрлі додаларда топ жарып жүр екен. Олардың кейбірі екі дүркін әлем чемпионы атанып үлгерген. Ол Шапағаттың көптің үмітін ақта­ға­нын ерекше қуанышпен әрі мақтанышпен жеткізді.

Нұрым Сырғабаев

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.