Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков Мойынқұм, Шу және Қордай аудандарында жұмыс сапарымен болып, жаңа құрылыс нысындарының барысын барлады.
Басқарма басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары мен демеушілер есебінен құрылысы жүріп жатқан спорт нысандарын аралап, бірқатар тапсырмаларын берді.
Жалпы Мойынқұм мен Қордай аудандарында жаңа спорт кешендері маусым-шілде айларында пайдалануға берілсе, Шу ауданында тамыз айында елге есігін айқара ашады деп күтілуде.
— Жергілікті дене шынықтыру жəне спорт бөлімдеріне алаңшалар қолданысқа берілгеннен кейін қаңырап бос тұрмауы үшін барынша жүктемелігін арттыруды, қарапайым халық арасында бұқаралық спорттық іс-шараларды көптеп өткізуді тапсырдым. Жəне спорт нысандарын одан əрі күтіп ұстау шараларын жүргізу керектігін де ескерттім. Сонымен қатар, қолданыстағы спорт нысандарының жұмысымен танысып, аталған нысандардың тиімділігін арттыру үшін белгілі бір спорт түрімен ғана емес, бірнешеуімен айналысуға мүмкін жасауды, әрі нысандар тұрғындарға қолжетімді болуы керектігін айттым. Бұқара үшін жасалып жатқан дүние болғаннан кейін, мұнда ашықтық пен жауапкершілік қажет, — дейді басқарма басшысы Н.Жүнісбеков.
Иә, бұл сөз жоқ жұрттың жанын жадыратар жағымды жаңалық. Жамбыл спорты Елбасы 2020 жылға дейін «Бұқаралық спортқа тартылған тұрғындардың үлесін 30 пайызға жеткізу» туралы тапсырмасын асыра орындап тастағанын ескерсек, жаңа спорт нысандары халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға еселеп үлес қосатыны анық. Ал мұндай жүйелі жұмыс бас бармақпен бағалауға тұрарлық.
Саятхан Сатылғанов