Қадірменді спортшылар мен бапкерлер! Құрметті спорт ардагерлері!
Бүгінде егемен елімізде дене шынықтыру мен спортты дамыту мемлекеттік саясат пен ұлттық идеология талаптарының ажырамыс бөлігіне айналды. Оның ішінде бұқаралық спортты өркендетуге үлкен мән беріліп келеді. Өйткені, спорт – ұлттың атын шығарып, еліміздің халықаралық аренадағы мәртебесін көтеретін болса, бұқаралық спорт – мемлекетіміздің баға жетпес байлығы денсаулықтың кепілі.
Осыған орай Сіздерді көпшілік қуанышына айналған дәстүрлі Спорт күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Туған Отанымыздың атын шартарапқа шығарып жүрген Қазақ елінің саңлақ спортшылары бүгінде әлем, Азия және Олимпиадалық ойындарда ерекше зор табыстарға қол жеткізіп жүргені уақыт ақиқаты.
Қасиетті Жамбыл жері, киелі Әулиеата өңірінің өзіндік спорттық дәстүрі қалыптасқан және осы топырақтан көптеген атақты спортшылар шыққаны белгілі. Өйткені, үлкен табысқа жеткен спортшы ұлтының мақтанышы, халқының қуанышы. Осындай табыстарға жетуде спорт ардагерлерінің алар орны ерекше. Сонымен қатар, облыста өз ісіне адал берілген, шын мәндегі кәсіби бапкеркерлердің еңбегі ерен. Өйткені, спортшылардың барлық жетістіктері мен жеңістері осы бапкерлердің тынымсыз тірліктерінің арқасында келетін табыстар.
Жыл санап Тараз қаласы мен аудандарда спорт нысандарының саны өсіп, қолжетімділігі артып келеді. Соңғы екі жылда облыста 178 спорт нысандары ел игілігіне берілді. Осындай игі істердің нәтижесінде бүгінде облыста 354,8 мыңнан астам өңір тұрғындары жүйелі түрде спортпен шұғылдануда.
Енді біздің алдымызда бұқаралық спорт арқылы еңбек өнімділігін арттыру және ұлтына адал берілген ұрпақ тәрбиелеп, олардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың аса жауапты міндеттері тұр.
Өкінішке орай биылғы «Спорт күні» мерекесі төрткүл дүниені дүбірге салған короновирус пандемиясымен қатар келіп отыр. Бірақ, осы айтуға ауыз бармайтын короновирус індетіне қарамастан аттары әлемге әйгілі жамбылдық саңлақ спортшыларымыз онлайн жүйеде жаттығулар жасап, көпке өнегелі істің үлгісін көрсете білді.
Бүгінгі күрделі кезеңде артта қалар, сол кезде барлық спорт нысандары толыққанды жұмыс жасап, спортты жанына серік еткен азаматтарға толық мүмкіндіктердің ашылары да сөзсіз.
Ұлттық спорттың мерейі артып, Жамбыл спорты қарқынды дами түссін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Ұлттық спорттың мерейі артып, даңқты спортшыларымыздың жеңісті жолдары жалғаса берсін!
Нұрбол Жүнісбеков,
Жамбыл облысы әкімдігінің
дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы