Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған өткен жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында дау-дамайды шешудің баламалық тəсілдерін де дамыту қажеттігін ерекше атап өткен-ді. Мемлекет басшысы бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашатынын алға тартты.
Ағымдағы жылдың 3 айында татуластыру рәсімдерін қолдану бойынша Жамбыл облысы соттарының жұмыстарын талдау барысында көрсеткендей, ювеналды соттың судьялары тараптарды татуластыру бойынша ең жоғары көрсеткішке ие.
Талап қоюшы А жауапкер Б-ға балаларының тұрғылықты мекен-жайын анықтау туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Сот тараптардың кәмелетке толмаған екі баласы бар екенін, олардың тұрғылықты жерін анықтау кезінде тараптар нақты неке қатынастарын бұзғаннан кейін келісімге қол жеткізе алмағанын анықтады.
Сот отырысы барысында кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары дауды медиативтік келісім жасасу арқылы шешуге ниет білдірді. Сот ұйғарымымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, соған сәйкес кәмелетке толмаған балалардың тұрғылықты жері кәмелеттік жасқа толмаған баласы әкесімен, ал қызы анасымен бірге тұрады деп анықталды. Тараптардың бір-біріне материалдық сипаттағы талаптары жоқ, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Мемлекеттік баж салығы талап қоюшы А-ға кері қайтарылғандығын бас маман Ж.О.Шыршықбаев айтып өтті.
Осылайша, дауды бейбіт жолмен шешу — кәмелетке толмаған балаларды одан әрі үйлесімді тәрбиелеу мақсатында ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік беруде.
Жалпы, 2021 жылдың 3 айында облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында неке-отбасы қатынастары саласындағы даулар бойынша 111 азаматтық іс аяқталып, оның 38-де тараптар өзара татуласқан.
Сабыр БОЛАТ,
Тілші