2020 жылы Қордай ауданындағы бірнеше елді-мекенге көгілдір отын жеткізіледі. Қазір бұл бағытта жұмыстар атқарылуда, — деп хабарлайды «tugyr.kz».
Мемлекет басшысының Қордай ауданы тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын жақсартуға берілген тапсырмасын орындау мақсатында Қарасу, Өтеген, Масанчи, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 елді мекендеріне жалпы сметалық құны 5,8 млрд. теңгені құрайтын 73,2 шақырым болатын табиғи газды жеткізетін құбырдың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты аяқтау мерзімі 2020 жылдың 15 қыркүйегі деп белгіленіп отыр.
— Бұл жұмыстар іске асса ауданды газбен қамту үлесі 53,7% құрайтын болады. Сонымен қатар, ауыл ішіндегі газ желісін тартып, халықты газға қосу жұмыстарын 4 мердігер бастап, қазірдің өзінде 233 тұрғынмен келісім-шарт жасалды», — дейді Рүстем Рысбайұлы.
Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде аудан бюджетіне түсетін салықтың көлемі артады.
Сондай-ақ аудан басшысы 60,3 мың тұрғыны бар 10 ауылды газдандыру кезінде АӨК дамытудың жаңа мүмкіндіктері есебінен әл-ауқат пен табыс деңгейінің өсуі орын алатынын айтты. Мәселен, инвестициялық ахуалды жақсарту нәтижесінде жаңа өндірістер, оның ішінде жылыжай, асфальт және цемент зауыттары, былғары және жүн өңдеу орындары ашылады деп күтілуде.