A place where you need to follow for what happening in world cup

Әдеп жөніндегі уәкіл – ауданымызда

0 87

2015 жылдың 29 желтоқсанында Елбасының «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы жарияланып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілгені мәлім.
Мемлекеттік қызметшілердің оң бейнесін қалыптастыру мен нығайту – мемлекеттік жүйені дамытудың басым бағыттарының бірі. Ал, мемлекеттік қызметшілердің оң бейнесіне қойылатын негізгі талаптар мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде анықталған. Онда «Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Сонымен қатар осы Әдеп кодексінде Ата Заңға, 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарға сәйкес жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормалармен мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын негізгі талаптар, сондай-ақ, олардың тәртіптерінің базалық стандарты белгіленген. Бұл кодекс мемлекеттік органдарға қоғамның сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынаста жоғары мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз қылықтарының алдын алуға бағытталған.
Әрине, мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой, бірақ кәсіби тәжірибемен қатар жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болу да өте маңызды. Әсіресе, қазіргідей жаңа ақпараттық технологиялар жағдайында. Бұл ретте Елбасының «Мемлекеттік қызметші, басшы берілген билікті қолдануы керек, бірақ оның құмарлыққа салынбауы керек», «Кейде лауазымға тағайындайсың, ал ол аяғының астына қарамайды», «Мемлекеттік органдардың басшылары мен мемлекеттік қызметшілер жалпы өз мүддесін емес, халықтың игілігін ойлауы керек» деген сөздерін жадымызда мықтап ұстағанымыз жөн.
Мемлекеттік қызметшінің жұмысы мен тәртібі әрдайым ашық. Мемлекеттік қызметшілердің, жалпы мемлекеттік органдар басшыларының жұмысы бойынша биліктің пәрменділігі, олардың қарапайым халықтың мұңы мен мұқтажына жауап бере білу деңгейі бағаланады. Мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жоғары жауапкершілік осыдан туындайды.
Бұл жайында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандағы мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен өткен кездесуде облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Серік Әлібеков баян етті. Мемлекеттік қызметшілерге арналған Әдеп кодексі туралы кеңінен сөз қозғап, оның маңыздылығына тоқталды.
– Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшінің моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қоя отырып, қоғамның мемлекеттік қызметшіге сенімін жоғарылатуға бағытталған. Сондай-ақ онда мемлекеттік қызметшінің жүріп-тұруы, жұмыстан тыс уақытта, қызметтік жағдайда, халық алдында сөйлеу кезінде өзін-өзі ұстауы сияқты жалпы стандарттар белгіленген.
Мемлекетке қызмет ету – қоғам мен мемлекеттің тарапынан ерекше сенімге иелену, моральдық-әдептілік талапқа сай келіп, еліміздің жарқын келешегін түзуге бар күш-жігерді жұмсау. Осы бағытта аянбай еңбек етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына үлес қосу. Бұдан бірнеше жыл бұрын қолданысқа енгізілген Әдеп кодексі түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер үшін айқын бағдаршам, – деген Серік Айдарұлы заңдағы соңғы өзгерістерге сәйкес мемлекеттік қызметшілерге азаматтардан мүлдем сыйлық алуға болмайтынын айтты.
Келелі кездесуді аудан әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Жансая Оспанова қорытындылады.
Кездесуден кейін Серік Айдарұлы бірқатар мемлекеттік қызметшіні жеке сұрақтарымен қабылдады. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Сәуле Түлекованың мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсетілсе, әлеуметтік топтамалар қарастырылса деген ұсынысын назарға алды. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас есепшісі Гүлнұр Телеуованың отбасылық жағдайға байланысты жұмыс уақытын икемдеу әрі тиімді пайдалану мәселесіне қатысты сұрағына тұщымды жауап берді.
Әдеп жөніндегі уәкіл ауданға сапары барысында Аса, Ақбастау, Қарасу ауылдық округтерінде болып, жергілікті әкімшілік қызметкерлерімен кездесу өткізді.

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.