ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша 2009 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда ауылдық аумақтардың кадрлық әлеуетін қажетті еңбек ресурстарымен — Әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарымен күшейтуге бағытталған «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды.
Ауылды аймақтарды қажетті әлеуметтік, техникалық мамандармен қамтамасыз ету мақсатында іске асырылып жатқан «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы еліміздің жас мамандарына берілген үлкен мүмкіндік.
Жас мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақысы төленіп, баспана алуына жеңілдетілген несие берілуде.
Мемлекеттік бағдарламаға білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарын бітірген студенттер қатыса алады.
Егер мамандар өз қызметін ауылдық жерде 3 жылдық жұмыс өтеушілікпен әлеуметтік сала мекемелерінде (денсаулық, білім, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет және спорт) бастаймын немесе жалғастырамын десе, онда келесі мемлекеттік әлеуметтік қолдауға ие болады:
Бірінші – көтерме жәрдемақысын беру. Ол 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде – 277 800 теңге;
Екінші — тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 0,01%-бен 15 жылға бюджеттік кредит беру. Ол 1500 есептік көрсеткіш көлемінде – 4 167 000 теңге құрайды. Бұл бағыт аясында сатып алынатын тұрғын үйдің 1 шаршы метр құны 46 айлық есептік көрсеткіштен немесе 127 788 теңгеден аспауы керек. Ал, тұрғын үй құрылысының жалпы сметалық құны берілетін кредиттің екі еселік мөлшерінен аспауға тиіс.
Жоба бойынша шарт жасасқан маман ауылдық жерде кемінде 3 жыл жұмыс істеу міндеттемесін өзіне алады.
2020 жылға – 260 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға республикалық бюджеттен 1,03 млрд. теңге несие қарастырылып, 2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 156 маманға 621,6 млн. теңге кредит берілді.
Жергілікті (аудандық) бюджет есебінен 624 маманға біржолғы көтерме жәрдемақысын төлеуге 175,6 млн. теңге қарастырылып, есепті кезеңде 260 маманға 72,0 млн. теңге көтерме ақы берілді.
Осы орайда, жас мамандардың әлеуметтік қолдауларға ие болуы үшін тиісті құжаттарды тапсыруы қажет. Атап айтқанда, «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 27 мамырдағы №43 бұйрығының (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 28 мамырда № 20751 болып тіркелді) 10-тармағында:
«Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін көрсетілетін қызметті алушы немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі (құжаттарды Мемлекеттік корпорация арқылы ұсынған кезде) көрсетілетін қызметті берушіге Мемлекеттік корпорация арқылы немесе электрондық форматта «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі — Портал) арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
1) көтерме жәрдемақы алған кезде:
осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi.
2) тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алған кезде:
осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
сәйкестендіру үшін неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін);
Кредиттік бюродан есеп;
3) тұрғын үй салуға бюджеттік кредит алған кезде:
осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
сәйкестендіру үшін неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін);
Кредиттік бюродан есеп.
Осы Қағидаларда көзделмеген басқа құжаттарды ұсынуды талап етуге жол берiлмейдi.
Көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит алуға бір мезгілде өтініш беруге жол беріледі.» деп нақты көрсетілген.