Қазақстан – ортақ ұлт пен діннің тоғысқан жері. Оның құндылығы мен мақтанышы – ұлтаралық және дінаралық келісім, бейбіт өмір. Еліміздің көпұлтты халқының татулығы басты байлығымыз бен жетістігіміз болып табылады. Ел басына күн туған қилы замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған да осы ынтымақ пен бірлік еді.
Ел бірлігі мен ынтымағын сақтау, еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен облыстағы бес ауданда «Бейбітшілік және келісім» жобасын іске асырудың іс-қимыл алгоритмі дайындалған. Өткен апта аралығында ауданымызда «Ауылда бизнесті дамыту», «Діни мәселелер» және «Құқық қорғау саласы» топтары жұмыс атқарғаны белгілі. Ендігі кезекте «Ақпараттық түсіндіру» тобының мүшелері Аса ауылына табан тіреген.
Осы оқиғаға байланысты Өнер мектебінде арнайы жиын өткізген аудан әкімі Сәкен Арубаев маңызды іс-шараға қатысушылармен таныстырды. Топ құрамында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат, тілдерді дамыту, жастар саясаты мәселелері, дене шынықтыру және спорт басқармаларының, облыстық билер кеңесінің, ардагерлер кеңесінің, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылары, облыстық этномәдени бірлестік жетекшілері мен өкілдері бар.
Жиынды ашқан Сәкен Қаланұлы аудан ахуалына тоқталып, өңірдегі өркенді істер мен жетістіктерді сөз етті, аудан халқының мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың шарапатын көріп отырғанын қуанышпен жеткізді. Ал, жергілікті тұрғындарды толғандыратын мәселелер жайында осы кездесулерде ашық айтылатынына сенім білдірді.
Жиында сөз бастаған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышов тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту, өскелең ұрпаққа сапалы білім беру, саяси тұрақтылық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, құқықтық сауаттылық, заңның үстемдігі үлкен мәнге ие болып отырғанын айтты.
Татулығы мен ырыс-ынтымағы бар ауданға жақсы миссиямен келіп отырғанын жеткізген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ұлттар достығын ту еткен арда азаматтар Абдухалил Маюфи мен Сабри Асановқа «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етті.
Облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов қоғамның қозғаушы күші, өмірдің шамшырағы – жастар тәрбиесіне жете көңіл бөлудің маңыздылығы, кейінгі ұрпақтың отаншылдығы мен көрегендігі, жауапкершілігі турасында ой қозғады.
Жиыннан соң қонақтар 5 топқа бөлініп, аудандағы қоғамдық-саяси ахуалды зерделеді, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады, мәдени-спорттық іс-шараларға қатысты.