A place where you need to follow for what happening in world cup

Көңілге қуаныш ұялап, балалар аттанды лагерьге

0 63

Жадыраған жаз келіп, бар тіршілік нұрға боянды. Бұл мезгілді балалардың да асыға күтетіні белгілі. Жыл бойы уақыттарын мектепте өткізетін олар оқу жылы аяқталған соң асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Әсіресе, олардың бос уақыттарын тиімді өткізуде лагерьлердің алар орны ерекше. Балғындар мұнда көңіл көтеріп ғана қоймай, бой сергітіп, спортпен айналысып, қабілеттерін де жетілдіреді. Сондықтан да елімізде жазғы лагерьлердің жұмысын жүйелі ұйымдастыруға барынша ден қойылған.

Күні кеше аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен оқушылардың үлкен тобы Жуалы ауданындағы «Тау самалы» балаларды сауықтыру лагеріне аттанды.

Бұл күні демалуға асыққан балалар орталық алаңға ата-аналарымен бірге жиналды. Балалардың көтеріңкі көңіл күйі, шат-шадыман мәз болуы, сыңғырлаған күлкілері мен ата-аналардың балаларын уайымдап, қобалжуы анық сезіліп тұрды. Түрлі ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен көпшілік назарына ұсынылған концерттік бағдарламалар да балғындарға естен кетпес әсер сыйлады. Осы орайда, биыл аудан бойынша мектеп жанындағы және шатырдағы лагерьлерге 3447 бала қамтылса, оның 1660-на ыстық тамақ қарастырылғанын айта кеткен жөн. Ал, Жуалы жеріне аттанған 350 баланың барлығы дерлік әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балғындар мен оқу озаттары.

Шараға қатысқан аудандық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова балаларға ақ жол тіледі. Ізгі лебізден соң қаз-қатар тізілген автобустарға оқушылар түгелдей отырғызылып, діттеген жерге аттанып кетті.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.