Жуырда Меркі ауданында қылмыстық жазасын өтеген және пробация қызметінде тіркеуде тұрған адамдарға әлеуметтік-психологиялық және құқықтық көмек беру, олардың қоғамға бейімделіне ықпал ететін мәдени-спорттық іс-шаралар жұмыстарын жүргізу жобасы аясында кеңес беру отырысы өтті.
Ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің тапсырысы шеңберінде «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен өткен басқосуға аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дәрмен Күздеубай, аудандық пробация бөлімінің бастығы Арайлым Самбетова және аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі Тоғжан Тұрсыналы, аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұржан Шойбек сондай-ақ есепте тұрған азаматтар қатысты.
Жиынның басты мақсаты – есепте тұрған азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қол ұшын созу, оларға әлеуметтік-құқықтық әрі психологиялық тұрғыдан көмек беру осылайша қалыпты өмiрге оралуларына көмектесу. Кеңес барысында пробация қызметінің түпкі мақсаты – жазаға тартылған адамның қателігін, мінін бетіне басу емес, орын алған қылмыстың себеп салдарын зерттеп, мүмкіндігінше сотталушының қайталап қылмыс жасамауы үшін оның әлеуметтік жағдайын жақсартуға психологиялық тұрғыдан көмек беру болып табылатындығы баса айтылды.
Е.Мырзаханов,
Меркі аудандық пробация қызметінің инспекторы
әділет капитаны