Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, оң қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Әрине, қиын кезеңдерде ұлтымыздың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі азат өмірімізде де ұлтты тұтастандырудың тетігі болуға әбден лайықты.
Жуырда облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында өткен дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірі осыған саяды. «Қазақ тілінің қоғамдық деңгейін көтеру» тақырыбында өткен онлайн жиынға соттың төрағасы Е.Дүйсенбаев, облыстық прокуратураның басқарма прокурорының көмекшісі М.Теміржанов, облыс әкімдігі білім басқармасының тәрбие жұмысы және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Е.Таткеев және Тараз қалалық білім бөлімінің өкілі Г.Есенбекова қатысты.
Онлайн басқосу соттың төрағасы Е.Дүйсенбаев азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттыру – бүгінгі таңда судьялар корпусының алдына қойылған негізгі міндеті екендігін атап өтті. Ол өз сөзінде сот саласында мемлекеттік тілді қолдану және оны дамытуға үлес қосу басым бағыттардың бірі болып саналатынын, сол себепті мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу кезінде арнайы заң терминологиясын жетік меңгеруі қажет екенін баса айтты.
— Бүгінгі таңда ювеналды сотқа 3641 кiріс хат-хабарлар түсіп отыр. Оның iшiнде, 2761 хат мемлекеттiк тiлде яғни, 76 пайызды құрайды. Алдағы уақытта бұл деңгейді көтеруіміз керек, — деген Е.М.Дүйсенбаев шара соңында қатысушылардың барлығына мемлекеттік тілді құжат айналымында белсенді қолдануға және оның мәртебесін арттыру мақсатында дәйекті және жан-жақты жұмыс жүргізуге шақырды.
Сабыр БОЛАТ,
Тілші