A place where you need to follow for what happening in world cup

Көпбалалы аналарға баспана заңсыз берілген бе?

0 91

«Тәртіпке бас иген құл бол­май­ды» дейді ер Баукең. Шы­нында, Бауыржан Момышұ­лының осы бір сөзінде үлкен астар жа­тыр. Алайда бүгінде тәртіпке ба­ғынған былай тұр­сын, заңды белінен басып оңай олжаға ке­нел­гісі келетіндер көбейген секіл­ді. Әсі­ресе, бұл үрдіс тұрғын үй мәсе­лесінде көп көрініс табуда.

Әңгіменің әлқиссасын арыдан бас­тасақ, өткен жылы Жамбыл об­лысы әкімдігі көпбалалы аналарға көп көңіл бөліп, оларды баспанамен қамту мәселесіне баса назар ау­дарған-ды. Содан дүниеге жаңа жоба келіп, көп­балалы аналарды уақытша жатақ­ханамен қамту бастамасына жан біт­кен. Осылайша, өткен жыл­дың ая­ғында әкімдік алдын жаға­лаған аналар баспанаға қарық бо­лып, жаңадан соғыл­ған көп­қабатты үйден бір-бір пәтер иемденіп қалған еді. Сол тұста жергілікті билікке айтылған алғыс та, ана­лардың жүрек­жарды лебізі де лек-легімен төгілген. Әрине, мұндай қуанышты көріп, билік те бұқара алдында басын бір көтеріп қалған еді. Алайда араға жыл салмай аталған үйлер заңсыз берілгенін құзырлы мекеме анықтап отыр. Мұны Сыбай­лас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің об­лыс бойынша депар­та­менті мен «Жам­был – адал­дық алаңы» жобалық кеңсесі әшкере қылды.

Қаулы төңірегіндегі түйткіл

Негізі, бұл мәселе әуелі «Адал көмек» акциясы аясында «Аntikor орталығында» елімізге танымал адам құқықтары жөніндегі қорғаушы А.Умарованың қоғамдық қабыл­дауында айтылған. Сол кезде тұр­ғындар тара­пынан тұрғын үй мен жатақ­хананың кезексіз берілуі туралы шағымдар қарша бораған болатын. Осыған орай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің облыс бойынша департаменті «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп Тараз қаласында тұрғын үй беру қызметіне сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мониторинг жүргізген.

– Біз ең әуелі Тараз қаласында ком­муналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай­ларды алуға мұқтаждар кезегінде тұрған азаматтардың тізі­мін анықтадық. 2005 жылдан бері санаттар бойынша тұрғынжай алуға кезекте тұрған азаматтардың саны 13 138 адам­ды құрады. Өз кезегінде тұрғын­жай алуға есепке тұрған­дардың дина­микасына қарайтын болсақ, 2016-2018 жылдар ара­лығында әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жататын орта есеппен 870 азамат тіркелген. 2019 жылы өтініш берген азаматтар­дың саны 1 239-ға жетіп, 42 пайызға өскен. Сол сияқты көпбалалы отба­сы­лар санатына 2016-2018 жылдар ара­лығында орта есеппен 152 азамат тіркелсе, 2019 жылы 837 азамат өтініш берген. Яғни, көпбалалы от­ба­сылар сана­тына тір­кел­ген­дердің саны 4,5 есеге өсіп кеткен.

Алайда нақты заңмен белгі­лен­ген тәртіпке қарамастан, Тараз қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 29 қарашадағы №4 194 қаулысымен «Мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізімінде тіркелген азамат­тарға уақытша тұру мақсатында жатақханадан бөлме берудің ішкі тәртіп ережесін» бекіткен. Аталған ережеге сәйкес, мұқтаждар тізі­мінде тір­келген азаматтардың ішінен қосымша өтініш қабылдау арқылы 2019 жылы 180 азаматқа уақытша тұруға тұрғынжай (54-57 шаршы метр бөлмелер «Қарасу» шағы­науданы, №20 үй (1,2,3 және 4 корпус)) берілген, – дейді «Жамбыл – адалдық алаңы» жо­балық кеңсесінің жетекшісі Назима Дәрменқызы.

Бұдан бөлек, зерделеу Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №498 хатымен ұсынылған ақпаратқа сәйкес ереже көпбалалы отбасы­лар мен әлеу­меттік осал топтардың нара­зылық­тарын сейілту мақса­тында жатақ­ханадан 180 отбасыға демеушілік жасау негізінде туын­дағанын және жатақханадан бөлме беру тәртібі заңның 67, 68, 74, 75 және 76-бап­тарына сүйене отырып жүргі­зілгенін анықтап отыр. Алайда ереже негізінде берілген тұрғынжай (жатақха­надан берілген бөлме) заңмен белгіленген кезекті­лікті мүлде сақтамаған.

– Атап айтсақ, 2005-2018 жылдар аралығында көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтар санаты бойынша 8 099 азамат кезекте тұрғанымен, жа­тақ­ханадан бөлме берілген 180 отба­сының 57-сі коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай кезегіне тек 2019, яғни жатақ­ханалық үйлер жаңадан салынып жатқан  жылы тұр­ған.

Сол сияқты 2020 жылы «Арай» мас­сивінен пайдалануға жоспар­ланған тұрғынжай (жатақханадан берілген бөлме) алуға мұқтаждар тізімінде тіркелген азаматтардың ішінен өтінішті 717 азамат білдірсе, соның 197-сі тізімге 2019 жылы тіркелген.

Сонымен қатар облыстық Әді­лет департаментінің ұсынған ақпаратына сәйкес Тараз қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 29 қара­шадағы №4194 қаулы­сымен бекітілген «Мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізімінде тіркелген азаматтарға уақытша тұру мақса­тында жатақханадан бөлме беру­дің ішкі тәртіп ережесінің» мемлекеттік тіркеуге ұсыныл­мағаны және құқықтық сарап­тамадан өтпегені белгілі болып отыр.

Ал ең сорақысы – жатақ­ха­налық үйлер салынып жатқан жылы ғана үй кезегіне тұрғандар баспанамен қамтылып, 2005 жыл­дан бері кезекте тұр­ғандар мүлде ұмыт қалып кеткен. Мәселен, 2010 жылдан бергі тоғыз жылдың ішінде тек бір ғана жетім бала үйін заңды кезекпен ала алған. Осын­дай өрес­­кел заңбұзу­шылық­тарды көріп, біз Тараз қаласы әкім­дігі­не тұрғын үйді заң талабымен бекітілген кезекпен беру туралы ұсынымызды жолда­дық. Әкім­дік келтірілген дәлеліміз­дің бір­қата­рымен келісіп, биыл «Арай-2» алқабынан берілген үйлер­ді тек заңды кезекпен берді. Сондай-ақ алдағы уақытта заң талаптарын қатаң ұстануға ант су ішіп отыр, – дейді «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кең­сесінің жетекшісі Назима Дәр­менқызы.

Негізінде, «Тұрғын үй қаты­настары туралы» заңда ел азамат­тарына коммуналдық тұр­­ғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды тi­зiмдерде белгi­ленген кезек тәртібімен беру ғана көзделген. Сонымен қатар тұрғынжайды мұқтаж азамат­тарға уақытша беру нор­малары аталған заңда қарасты­рылмаған. Алайда облыс әкімінің шығарған қаулы­сына байланысты қала әкімдігі жаңа­дан салынған үйлер­дегі пәтер­лерді кезекке қа­ра­май, шүленше үлестіріп тастаған сыңай­лы. Ал ең қызығы, 2019 жылғы 29 қа­раша­дағы №4194 қаулыны қала бас­шылығы Әділет орга­нына тіркеуді мүлде ұмыт қалдырған. Сол себепті был­тырғы үйлер заңсыз берілгенін тексеріс тобы айтып отыр.

 Қала әкімдігі не дейді?

Бұл мәселеге қатысты Тараз қаласы әкімдігінің айтар өз уәжі бар. Олардың сөзіне сүйенсек, бәрі заң шеңберінде жасалған көрінеді.

– Облыс әкімінің тап­сыр­масымен былтырғы жылы бас­панаға мұқтаж азаматтарға 8 жа­тақханалық үлгідегі үй тұр­ғызу көзделген болатын. Соның біз төртеуін салдық.

Аталған үйлерге мұқтаж жан­дар­ды орналастыру үшін ереже бе­кітіліп, сол бойынша келіп түс­кен 401 өтінішті то­лық­тай зерделеп шық­тық. Нәтижесінде 180 адам бас­­па­налы болды. Оның ішінде көп­­балалы ана­ларға басым­дық бер­геніміз рас. Себебі сол тұста көп­ба­лалы от­ба­сыларды тұрғын үймен қам­ту бірінші кезекте тұрған бо­латын.

Былтыр пәтерлі болған 57 көп­балалы ана 2019 жылы кезек­ке тұрды дегенмен келіс­пеймін. Себебі олар оған дейін толық емес отбасы сынды кезек­те болған. Алайда жаңа ережеге байланысты санаттарын ауыс­тырды. Бірақ арасында қалалық тіркеуге жаңа­дан тұрған аналар да кезікті.

Қаулы мәселесіне келер бол­сақ, оны біз әділет органына тір­кеуге міндетті емеспіз. Себебі ол қалалық комиссияның оты­ры­сында ма­құлданған. Десе де, биыл проку­ратура мен агент­тіктің тексерісінен кейін ереже күшін жойып, жаңадан салынған үйлер­дегі пәтерлерді тек ке­зек­пен бердік. Яғни, биылға өтінім берген 197 азаматтың өтінімі қанағаттан­дырылған жоқ.

2010 жылдан бері бір ғана жетім бала өз кезегімен үй алды деген ақпарды да жоққа шығар­ғым келеді. Қаңтар-ақпан айы­ның өзінде біз төрт үйді пай­далануға берсек, заң бойынша соның 20 пайызы жетім бала­ларға үйлес­тірілді. Бір сөз­бен айтқанда, қала әкімдігі тара­пынан үй беру кезінде ешқандай заңбұзу­шылыққа жол берілген жоқ, – дейді Тараз қаласы әкім­дігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ера­лиев.

Тұрғын үй саласына жауапты маманнан осындай жауап естідік. Ғазиз Нұрланұлы ереже күшін жойса да, былтыр баспа­налы бол­ған 180 азаматты тұрғын үйден шығарып тастай алмайтынын ашып айту­да. Алайда биылға өтінім берген 197 азамат кезектен тыс үй алмайтыны анық болып тұр.

Қызметтік пәтердің қызығын кім көріп жүр?

Негізі, мұндай мәселе жуыр­да қызметтік үйлерге қатысты да туындаған. «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің зер­делеуі небір сұмдық пен қу­лықтың беті ашқан-ды.

Атап айтсақ, қызметтік үйді алып алып, өздері тұрмағаны былай тұрсын, жалға беріп қой­ған жайттар да тіркелді. Мәсе­лен, №13 ық­шамаудандағы Ш. және Г. есімді азаматтарға бе­рілген пәтер­лер қаңырап бос тұр. Ал «Арай-2» алқабындағы қызметтік пәтерді басқа біреудің жалға алып тұрып жатқаны анықталған.

«Астана» ық­шамау­данын­дағы қызметтік пәтерді келісім­шарты жоқ «ҚазАвтоЖол» меке­месінің директоры иемде­ніп алған. Бұл аз десеңіз, №13 ық­шам­ауданындағы қызметтік пәтер 2009 жылы жеке­меншікке аударылып кеткен. Тек­серіс нәти­жесі анықтағандай, 2016 жы­лы пәтер уақыты аяқтал­ғанымен, әлі күнге «Тұрғын үй коммуналдық» мекемесінен тір­кеу­ден алынбаған. Және ком­му­нал­дық төлем уақыты өтіп кетіп, пәтер есігіне ескерту қа­ғаз­дары мен тө­лем чектері жиналып қал­ған.

«Бәйтерек» ықшам­ауда­нын­дағы тағы бір қызметтік пәтер де жалға беріліп кеткен.

«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Назима Дәрменқызының ай­туын­ша, аталған фактілер бойын­­ша жауапты азаматтарға ескерту жа­салған.

– Біз тек зерделеу жұмыс­тарын жүргізуге құқылы­мыз. Ал аталған фактілер бойынша жауап­тыларды жазалау басқа мекеменің құзы­ретінде. Десе де, зерделеу қоры­тындысы Жамбыл облы­сының әкімі Бердібек Сапарбаевқа жолда­натын бола­ды, – дейді офис жетек­шісі.

Әрине, «жұмыртқадан жүн қыр­қып», бас пайдасын ойла­ған мұндай мамандарды қатаң жа­залау керек. Өзі тұрма­ғаны бы­лай тұрсын, жалға беріп қой­ғанына не дейсің? Үйсіз-күйсіз қанша мұқ­таж жан жетім бұ­рышты жаға­лап жүргенде, бұ­лардікі енді барып тұрған басы­нушылық. Жобалық офис мамандарының айтуынша, қызметтік пәтерлердің дені лауа­зымды тұлғаларға беріл­гендіктен, олар көп нәрсені ашып айта алмай отыр екен. Бірақ Тараз қаласы әкімдігі қазір облыс орталы­ғын­дағы 108 қыз­меттік үйге тексеріс жүргізіп жат­қанда­рын айта­ды.

– Қызметтік пәтерді қыз­меткерге емес, мекемеге береміз. Одан кейінгі мәселеге мекеме бас­шысы жауапты. Бір басшы ауысып, оның орнына басқасы келетіндіктен, қызметтік үйді рәсімдеу жағы­нан кем­шіліктер орын алып жататыны рас. Сол себепті қазір біз жіті тексеру жұ­мыс­тарын жүр­гізудеміз, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қаты­настары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

P.S.

Байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда тұрғын үй саласында осындай олқы­лықтар мен кикілжіңдердің туын­дауы жақсылық емес. Әсіре­се, көпбалалы аналар мен мұқтаж жан­дарды баспанамен қам­туда сауысқандай сақтық пен қы­ран­дай қырағылық қажет. Әйтпесе, тұр­ғын үй тістегеннің аузында, ұста­ған­ның қолында кетуі бек мүмкін.

Бұл тұста біз біреудікі дұрыс, әл­де бұрыс дей алмаймыз. Алай­да «жел тұрмай шөптің басы қимыл­да­майтыны» белгілі. Сон­дықтан бұл мә­селеге облыс әкімі Бердібек Са­пар­баев жіті көңіл бөліп, «жү­генсіз» кет­­кендерді жөнге салады деп сене­міз.

 

Саятхан САТЫЛҒАН

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.