Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – аса маңызды. Шағын және орта бизнесті дамыту – экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірге жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуы нәтижесінде еліміз көркейіп, халықтың жағдайы жақсарады. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Бұл сала жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады.
Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдаулар және әкімшілік реттеу жүргізіліп жатқанымен, шағын кәсіпкерлік қызметтің нәтижелері әлі де жоғары деңгейде емес. Шаруашылық салаларын алатын болсақ, саудадан басқа жерде шағын және орта кәсіпкерліктің жетекші ықпалы байқалмайды.
Еліміздің тұрақты экономикалық дамуы үшін шағын және орта кәсіпкерлікті сапа жағынан жетілдіру өте маңызды. Негізгі мәселелерді анықтап, оның ұтымды шешімін таба алған жағдайда ғана біз экономикалық тұрақтылыққа қол жеткіземіз. Сондықтан да мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде.
Бұл туралы «Бейбітшілік пен келісім» жобасының бір бағыты – «Ауылда бизнесті дамыту» тобының Полатқосшы, Бесағаш ауылдық округтерінде кәсіпкерлер мен шаруалардың қатысуымен ашық форматта өткізген кездесулерінде кеңінен сөз болды.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев жүргізген басқосуларда топ жетекшісі, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Еркін Атымтаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нұрбол Қуанышбеков қатысушыларға кәсіпкерлердің құқығын қорғау, кәсіпкерлікке арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалар туралы тарқата түсіндірді. Олардың кәсіпті несиелендіру, субсидия алу, кәсіпкерлікке қажетті жер телімін заңдастыру, салық төлеу бойынша қойған сауалдарына нақты жауаптар қайтарып, пайдалы кеңестер берді.
Түс ауа топ мүшелері «Арнұр» балық қожалығында, «Достар» шұжық цехында, «Талас» шаруа қожалығының қияр өсіретін жылыжайында болды. Қожалық иелерімен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесіп, жұмыстарына табыс тіледі.
Соңынан жұмысшы топтың қорытынды жиыны өтті. Жиынға аудан әкімі Сәкен Арубаев арнайы келіп қатысты. Топ жетекшісі Еркін Атымтаев Сәкен Қаланұлына атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Үш күн ішінде 15 ауылдық округті аралап шықтық. Өндіріс орындарына бардық. Жергілікті кәсіпкерлермен, шаруалармен кездестік. Оларды мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті ашуға, дамытуға арналған бағдарламалар жайында құлағдар еттік. Кәсіпкерлер өз кезегінде біраз мәселе көтерді. Сауалдардың көбісі несие алу, кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалар турасында болды. Кәсіпкерлер мен шаруалар көтерген түйткілді мәселелерді алдағы уақытта шешеміз. Облыс әкімін хабардар етеміз. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіледі, – деді Еркін Садуақасұлы өз сөзінде.