Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, барлық жол қозғалысы тоқтатылғандықтан, көршілес облыстардағы түзету мекемелерінен босап шыққан сотталғандарды өңірлік пробация қызметкерлері облыс шекарасындағы блок-бекеттерден күтіп алып, үйлеріне дейін шығарып салуда.
Мәселен, карантин уақытында Қостанай облысы Арқалық қаласындағы КА-161/12 түзеу мекемесінен босатылған Нұрбол Әмірқұловты Қарағанды облысының шекарасынан күтіп алып, үйіне жеткізген.
— Қостанай облысы Арқалық қаласындағы түзеу мекемесінен босап шықтым. Пробация қызметінің қызметкерлерінің көмегімен Тараз қаласына жеттім. ҚАЖ комитетіне және өңірдегі ҚАЖ департаментіне алғысымды білдіремін, — дейді Н.Әмірқұлов.
Ал Қызылорда облысындағы ЗК-169/1 түзету мекемесінен босап шыққан алматылық азаматтың үйіне жетуіне Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облысының пробация қызметкерлері жәрдемдескен.
— Қызылорда облысындағы ЗК-169/1 түзету мекемесінде жазамды өтеп, бостандыққа шықтым. Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облысының пробация қызметінің қызметкерлері күтіп алды. Қазіргі таңда Алматы қаласына бара жатырмын. Жақын арада отбасыммен қауышамын деп үміттенемін, — дейді Алексей Тарасюк.
Жалпы, карантин уақыты басталғалы өңірлік пробация қызметкерлері көршілес облыстардағы түзету мекемелерінен босаған 20-дан астам азаматты өңірдегі блок-бекеттерден күтіп алып, үйлеріне жеткізген. Тағы да 10-ға жуығын пробация қызметкерлері осы айдың аяғына дейін өңірдің шекараларындағы бекеттерден күтіп алып, шығарып салмақшы.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі