Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Елімізде азаматтардың қауіпсіздігін сақтаудың барлық амалы жасалды. Мұндай үрдістен сот жүйесі де сырт қалмады. Карантин кезінде сот отырыстары онлайн форматқа ауысып, барлық істер қашықтан қаралуда.
Қазіргі қиын жағдайға қарамастан, соттар өз жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатыр.
Мойынқұм аудандық сотында сот отырыстары бейнеконференц байланыс арқылы және «Whatsapp», «TrueСonf» қосымшаларының көмегімен өткізілуде. Жалпы, сот процессін қашықтан өткізу еліміз үшін тың бастама емес. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы қалыпты жүзеге асып келеді. Ал карантин кезінде халықтың сотқа деген сенімі нығая түскендей.
Бүгінде сот құжаттарының айналымы, азаматтардың арыз-шағымдары «Сот кабинеті» сервисі арқылы реттеледі. Азаматтар арызын енді сот ғимаратына әкеліп әуре болмайды. Интернет жүйесі арқылы үйінде, кеңседе отырып-ақ құжаттарды тіркеп, өтінімдерін жолдай алады.
Мойынқұм аудандық сотында барлық сақтық шаралары қатаң сақталған. Сот ғимаратына санитариялық-дезинфекциялық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, келушілердің дене температурасын өлшеу, арнайы бетперде (маска), қолғап (перчатка) киіп келу талап етіледі. Сонымен қатар, жеке бас тазалығын сақтау мақсатында қол жуу құралдары мен антисептик қойылған. Сот ісін жүргізуге және сот жұмысына қатысы жоқ бөгде адамдардың сот ғимаратына кіруіне тыйым салынған.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты сот практикасының кейбір мәселелері бойынша берген №1 түсіндірмесінің судьяларға пайдасы зор. Онда ҚР Президенті еңгізген төтенше жағдай кезіндегі және одан кейінгі іс-әрекеттер, халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау бағытындағы нұсқаулар, COVID-19-дың таралуын шектеу жөніңдегі мәселелер назарға алынған. Аталмыш Түсіндірме сот жұмысының сапалы атқарылып, бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Мойынқұм аудандық соты.