A place where you need to follow for what happening in world cup

«Әкімдердің қалай тыныш ұйықтайтынын түсінбеймін» – Б.Сапарбаев жаңа оқу жылына дайындықты сынға алды

0 131

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы жиын өткізіп,  қызметіне салғырт қараған басшылардың жұмысын қатаң сынға алды.

Жаңа оқу жылына дайындық шараларына байланысты көптеген тапсырмалар берілген болатын. Нәтижелер көрсетіп отырғандай, ол тапсырмалар орындалмаған. Өңірде мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жеткілікті қаржы бөлінген. Жоспарға сәйкес көптеген нысандардағы құрылыстар 25 тамызға дейін аяқталуы  керек. Алайда менің байқауымша, нысандардың құрылысы күзде, оқушылар мектепке баруға мәжбүр болған кезде ғана аяқталмақ. Көбісі оқу қашықтықтан өтеді деп үміттенуде. Сондықтан олар аса асықпайды. Осы орайда білім беру саласындағы жұмыстардың өте нашар жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Бұл оқулықтармен және компьютерлермен қамтамасыз етуге де қатысты, – деп  облыс әкімі жауапты мамандардан жауап алды.

Өз кезегінде Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова:  «Қазіргі таңда облыста 22 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде, олардың 9 биыл салынып бітуі керек. Құрылыс жұмыстарына 10,1 миллиард теңге бөлінді. 7,7 миллиард теңгеге 42 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Оның 32-індегі жөндеу жұмыстары 30 тамызға дейін, ал 6 мектепте күрделі жөндеу тек 30 қыркүйекте аяқталады», – деген ақпар бергенімен бұл жауап аймақ басшысын қанағаттандыра қоймады.

Неліктен жұмыс кешіктіріліп жатыр, неге аудан әкімдіктері тарапынан бақылау жоқ? Аудан әкімдері, әкімдіктердің құрылыс бөлімдерінің басшылары қайда қарап жүр? Менің түсінуімше мердігерлер асығар емес. Жаңа оқу жылына аз уақыт қалған кезде неге тиісті шаралар қабылданбайды?

Енді мектептері әлі пайдалануға берілмеген балалар шалғайдағы мектептерге барып оқуға мәжбүр. Олар онда қалай қатынайды? Жолда балаларға бірдене болып қалмасын деп тілейік, – деп  Бердібек Машбекұлы алаңдаушылық білдірді.

Білім басқармасының басшысы нысандардың құрылысы сағызша созылуын  жұмысшылардың жетіспеушілігімен түсіндіруге тырысты.

– Бұл мәселе құрылыс басқармасы және аудан әкімдіктерінің құрылыс бөлімдерінің бақылауында болуы керек еді. Барлық нысандарды пайдалануға беру мерзімі 25 тамызға белгіленген. Егер жұмыс барысын қадағаламаса, техникалық қадағалау не үшін қажет? Жалпы тапсырмалар не үшін беріледі? Егер құрылыс басқармасы өз жұмысын жүргізе алмаса.

Білім беру саласындағы тағы бір маңызды мәселе – сырттағы мектеп дәретханаларына қатысты. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, олардың бәрі 1 қыркүйекке дейін мектеп ғимараттарына енгізілуі керек еді. Бұл үшін 1,1 миллиард теңге бөлінген. Белгілі болғандай, осы уақытқа дейін 285 дәретхананың тең жартысы ғана көшірілген. Бұл орайда Байзақ, Қордай, Меркі, Шу аудандары айтарлықтай артта қалып отыр, – деген Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданының білім саласын сын садағына алды. Өңір басшысы жылы санитарлық тораптармен жабдықтау бойынша да қатал ескертулер жасады.

– Бұл біздің өзіміздің балаларымыз. Неге құрылыс кезінде осы туралы ешкім ойламайды? Неліктен дәретханалар арасында бөліктер жасалынбаған? Әр дәретханаға кем дегенде екі миллион теңге жұмсалады. Бұл қарапайым дәретхана салу үшін шынымен жеткіліксіз бе?

Оқу жылының басталуына небары 10 күн қалды, ал жұмыс аяқталған жоқ. Мен аудан әкімдерінің қалай тыныш ұйықтайтынын түсінбеймін. Олардың орнында болсам, желтоқсан айында балалардың күн сайын көше дәретханаларына қалай баратындарын ойланатын едім. Бұл балалардың алдында ұят, – деді облыс әкімі.

Осылайша білім беру саласы мәселелеріне негізделген басқосуда жауапты басшылар басын сипап, бір-бір міндетті арқалап қайтты. Енді келесі отырыс 10 күннен кейін өтпек. Сол сәтте сыннан сабақ шығармағандар жазаны арқалайтыны анық.

 

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы

Дереккөз: aikyn.kz/

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.