A place where you need to follow for what happening in world cup

Әлемді аузына қаратқан әулиеаталық арулар

0 186

Әйел қашанда сұлулықтың символы, әдеміліктің айнымас болмысы. Мейлі ол қай салада жүрмесін, тек нәзіктіктің, шексіз махаббаттың, мейірімділіктің үлгісі болып қала береді. Ал сол нәзік арулардың арасында спортты жанына серік еткендері аз емес, Олар тек сұлулығымен ғана емес спорттағы шеберлігімен де талайды тәнті етіп, әлемді мойындатуда.

Әрине Әулиеата спортындағы арулар туралы сөз қозғағанымызда ең бірінші есімізге жүзу спорты бойынша Рио паралимпиадасының чемпионы – Зульфия Габидуллина түседі. Спорттық жолын 2007 жылы бастаған ол небәрі он жылдың бедерінде мүгедек спортшылар арасында республикалық, халықаралық және паралимпиалық ойындардың жеңімпазы атанды. Жүзу спортынан әлем рекордына бірнеше мәрте түзету енгізді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бүгінде ұлттық құраманың капитаны.
2016 жылғы Рио Паралимпиадасынан кейін Зульфия Мексика төрінде жалауы желбіреген әлем чемпионатында да жасындай жарқылдап, Қазақстан спорты тарихында болмаған межені бағындырды. Осынау еңбегін ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Габидуллинаны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Бүгінде әртүрлі деңгейдегі 160 медальға ие жерлесіміздің ендігі арманы Токио төрінде де көк байрағымызды желбірету.
Бұйыртса мемлекет мақтанышына айналған спортшы Токиода ел намысын 55 жасында қорғайды деп күтілуде.
Әлемдік ареналарда байрағымызды биіктетіп жүрген тағы бір аруымыз – Гузалия Гафурова. Ол каратэ-до спортына 2004 жылы келіп, араға үш жыл салып алғашқы нәтижесін көрсетті. Сол жылы ел біріншілігін жеңіп алған Гузалия артынша ересектер арасында ел чемпионы атанды. Кейіннен бұл жетістігін тағы бір мәрте қайталап, екі дүркін чемпиондық атақты еншіледі. Ал ең үлкен жеңісі – 2013 жылғы Азия кубогы мен Әлем чемпионатының алтын медалі. Небәрі он жылдың ішінде осындай табыстарға қол жеткізген аруымыз 2016 жылы Азия ойындарының да биігін бағындырды. Сондай-ақ өткен жылы Индонезия жерінде алауы тұтанған Азия ойындарында да алтыннан алқа тағып, екі дүркін сары құрлық чемпионы атанды. Биыл каратэ спорты Олимпиада бағдарламасына енгендіктен Гузалияға да жамбылдық жанкүйерлердің артар сенімі мол.
Жамбыл бокс мектебінің түлегі Фируза Шарипованың да есімі мен ерлігі бүгінде жер-жаһанға жайылды. Боксшы қызымыз IBO және WBC Silver белбеулерінің иегері. Жастайынан велоспортпен айналысқан ол 2010 жылы боксқа бет бұрып, шаршы алаңның шырайын кіргізді. Ә дегеннен жасындай жарқылдаған Фируза 2012 жылы Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Ал 2016 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, араға аз уақыт салып халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткен бокс кешінде болгар боксшысы Милена Колеваны ұрып жығып, әлем чемпионы атанды. Артынша бельгиялық Джемилла Гонторюкпен қолғап түйістірген ол өз салмағында теңдессіз екенін дәлелдеді.
Ел спортында «су перілері» деген лақап атқа ие болған «Айша бибі» су добы клубының да жеткен жетістіктері аз емес. Жалпы спорттың дәл осы түрінен ұлттық құраманың негізгі бөлігін жамбылдық клубтың ойыншылары құрайды. Инчхонда өткен Азия ойындарында басқа емес, толық «Айша бибі» клубының спортшылары өнер көрсетті. Олар артылған үмітті ақтап, Корей жерінде үздік үштіктен көрінді. Сондай-ақ алдыңғы жылы Токиода түндігі түрілген Азия ойындарында да қола жүлдеге қол жеткізді. Ал былтыр Джакартадағы сары құрлық бәсекесінде «Айша бибі» су добы клубының арулары күміс медальмен қуантты. Осының өзі аталмыш клубтың беделін асқақтатып тұрғаны анық.
Бұдан бөлек 2017 жылы Сочиде самбо күресінен өткен әлем чемпионатында тағы бір талантты ару Аида Карчаева қола жүлдемен жамбылдықтардың мерейін үстем етті. Әлемнің 100-ден аса мемлекетінің спортшылары бақ сынаған бәсекеде қаршадай балуан 56 келіде қарсыластарын алып та, шалып та жығып, үздік үштіктен көрінді. Үлкен спортқа енді ғана қадам басып келе жатқан Аиданың жасөспірімдер арасындағы ел чемпионы, Универсиада жеңімпазы, Еуропа кубогының жүлдегері сынды жетістіктері бар. Сондай-ақ ол дзюдо және самбо спортынан ұлттық құраманың мүшесі. Аиданың да алар асуы алда екеніне бек сенімдіміз.
Әулиеата топырағы тудырған тағы бір талантты аруымыз – Екатерина Тарасенко. 2009 жылдан бастап армрестлинг спортымен айналыса бастаған Екатерина араға жыл салып ел біріншілігін жеңіп алды. Осы жылы Азия чемпионатының да биігін бағындырған жерлесіміз 2014-2015 жылдары әлемнің теңдессіз спортшысына баланды. Аз уақытта осындай толайым табысқа қол жеткізген ол бүгінде армрестлинг спорты бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сондай-ақ бұл спорт түрінен көзге түсіп жүрген Татьяна Веринаның да еңбегін елеусіз қалдыруға болмас. Татьянаның еншісінде қазір Азия мен үш дүркін әлем чемпионы деген атақ бар. Бұдан бөлек, Екатерина Ляхова есімді аруымыз да қол күресінен әлемдік ареналарда танылып келеді.
Ал жамбылдық Ақтолқын Смағанбетова соңғы жылдары самбо күресінен қарсылас шақ келтірмеуде. 2014 жылы ол ел біріншілігінің қола жүлдесін жеңіп алса, осы жылы Азия чемпионатының алтын медалін иеленді. Сондай-ақ Ақтолқынның спорттық жолында 2015 жыл жемісті болғанын айта кекен жөн. Бұл жылы самбошымыз ел біріншіліктерімен қатар, ҚР Тұңғыш Президентінің жүлдесіне арналған Әлем Кубогында қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар әлем чемпионы атанды.
Тағы бір талантты аруымыз Арайлым Шегенованың да самбо күресінен жеткен жетістігі аз емес. Қаракөзіміз 2014 жылы өз салмағында Қазақстан мен Азия чемпионатының жоғары сұрыпты жүлдесін мойнына тақса, 2015 жылы осы ерлігін қайталап, әлемдік аренада көк байрағымызды биіктетті.
Ал өткен жылы әлемдік аренада жаңа есім көпке танылды. Аққұмнан шыққан «алтын қыз» Элизат Аязбек Нью-Дели қаласында самбодан өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тағып, сары құрлықты дүр сілкінді. 18 жасар спортшы қызымыздың жетістікке жетуіне Бостандық балалар мен жөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Барбол Жәуішовтің сіңірген еңбегі мол. Элизаттың спортқа келуіне де осы бапкері себепкер болыпты. Жолы жеңісті жорықтардан тұратын балуан қызымыздың спортқа қатысқанына бар болғаны 5 жыл енді ғана болса да, ел біріншілігінің 2 дүркін жеңімпазы, 5 мәрте жүлдегері атанған.
Былтыр Өзбекстанда өткен Әлем чемпионатынан да қаракөзіміз олжалы оралды. Сондықтан Элизатты Жамбыл самбосының ертеңі десек болады.
Өңірде жеңіл атлетика спорты да күн санап қарқын алуда. Оған дәлел, Қордай ауданының тумасы Светлана Иванчукова бүкіләлемдік және Азия чемпионаттарымен қатар, Рио Олимпиадасына да қатысып жүйріктермен үзеңгілесіп өнер көрсетті. Әлемнің нөмір бірінші спортшылары бақ сынайтын бәсекеде шеберлігіңді дәлелдеу оңай шаруа емес. Сондықтан талабы таудай Светлананың жұлдызды шағы әлі алда екені даусыз.
Міне, әлемдік додаларда атой салып жүрген әулиеаталық аруларымыздың дені осы. Біз әлі Жамбыл жерінен әлемді мойындатар талай арулар шығатынына бек сенімдіміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.