Жамбыл ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен №6 мектеп-гимназия көпшілікке есігін айқара ашқаны белгілі. Бұл бұқара мен оқушылар үшін теңдессіз тарту болғаны даусыз. Енді ауыл тұрғындарының қуанышы еселеніп, аталған білім ордасында екі бірдей чемпионымыз жастарға тәлім бере бастады.
Аталған хабарды естіген бойы мектепке арнайы ат басын бұрып, толағайларды құттықтап шықты.
— Өзім самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Қазақша және белбеу күресінен де талай биіктерді бағындырдым. Енді осы жинаған тәжірибемді кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында мектепке дене шынықтыру пәнінен мұғалім болып келдім. Жаңадан салынған білім ордасы болғандықтан мектепте 7 түрлі спорт түрімен айналысуға болады. Қазір коронавирус пандемиясына байланысты 1-4 сынып оқушыларына тоғызқұмалақ пен шахматтан онлайн түрінде дәріс беріп жатырмын. Алайда алдағы уақытта мектеп қабырғасынан күрес үйірмесін ашсам деген арманым бар, — дейді Ақтолқын Смағанбетова.
Ал бокстан бұрымдылар арасында қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Арайлым Бегілданың ауылдағы мектепке мұғалім болып келуі үлкен олжа болып тұр.
— Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әрі Қазақстанның қыздар құрамасы арасындағы №1 боксшысы болғандықтан маған түрлі спорт мектептері мен өңірлерден шақырту келді. Алайда мен өзімнің туған облысымды, оның ішінде ауылдағы мектепті таңдадым. Бесағаш ауылынан талай даңқты балуандар шыққан. Енді елді мекеннен білікті былғары қолғап шеберлерін түлетсем деймін. Бұл мақсатқа жету үшін бокс үйірмесін ашу ойда жүр.Бірақ алда Қазақстан чемпионаты келе жатқандықтан қолым тимеуде. Десе де жергілікті билік пен мектеп басшылығымен кеңесе отырып, бұл ойымды жүзеге асырамын, — дейді чемпион қызымыз.
Иә, қаракөздеріміздің мұндай таңдауы қандай мақтауға да лайық. Әлемдік деңгейде танылып, алайда өз өлкесінде еңбек етуді ойлаған қыздардың шешімінен өзгелерде сабақ алса екен дейміз.