A place where you need to follow for what happening in world cup

Мәуліт – Пайғамбар мейірімін сүйіншілейтін мереке

0 22

Күні кеше аудандық мәдениет үйінде «Үмметің сені сағынды, иә Алланың елшісі!» атты діни іс-шарасы өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жиынға мешіт имамдары, ардагерлер, оқушылар мен студенттер және Жаңатас қаласы тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Тағылымға толы кештің басынан табылған аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев мерейлі мерекенің мән-маңызына кеңінен тоқталып, барша сарысулықтарды осынау айтулы күнмен құттықтады:

– Барша мұсылман қауымының абзалы, екі дүниенің сардары болған, Пайғамбарымызға Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) туған айы – Мәуліт мерекесі құтты болсын! Бүгінгі мереке – Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтып, тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасайтын күн. Мәуліт мерекесі сияқты тәлім-тәрбиеге толы рухани басқосулар өскелең ұрпақтың салауаттылығы мен имандылығын арттыратыны сөзсіз. Осы ретте Тұңғыш Президентіміз – Елбасының «Біздің дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран» сөзі ойға оралады, — деді аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы жүрекжарды лебізінде.

Жүрекке иман, көңілге медеу сыйлаған кеште Сарысу ауданының бас имамы Ғалымжан Қонақбаев пен облыс орталығы Тараз қаласынан арнайы келген Ораз қажы жиылған көпшілікке асыл дініміздің тарихынан сыр шертті. Қасиетті құран оқылды. Пайғамбарға салауат айтылды. Жалпақ жұртты жақсылыққа үндейтін жиын өз дәрежесінде өтті.

Сонымен қатар, ауданның бір топ шығармашыл жастары асыл дінімізді ардақтайтын жүрекжарды жыр жолдарын көпшілікке паш етіп, керемет кешті әуезді әнмен әрледі.

Ескере кететін жайт, іс-шарада барлық санитарлық талаптар сақталды.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.