Коронавирус індеті кезіндегі қиындықтың бірі – мектептерге түсіп жатқаны белгілі. Десе де, Жамбыл ауданының білім саласы қашықтықтан оқудан қашпай, дәстүрлі оқу жүйесін де жүйелі жүргізіп келеді. Балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынып, сақтық шалары толықтай ескерілген. Біз бұған Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияға барғанда анық көз жеткіздік.
— Жаңа оқу жылын 867 оқушымен бастадық. Әлемдік пандемияға байланысты қазір олардың 630-ы қашықтықтан оқытылып жатса, қалғаны дәстүрлі түрде білімін жалғастыруда.
1-4 сыныптар арасында кезекші топтар құрылып, 26 топта 15 баладан екі ауысыммен оқытылуда. Мектеп қажетті тюннельмен және қорғаныш құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Балалардың қоңыраудың өзінде бір-бірімен байланысқа түспеуі қатаң бақылануда.
Биыл жергілікті бюджет есебінен әжетханалар мектеп ішіне орнатылды. Сондықтан балаларымыз далаға да шықпайды. Ең бастысы оқушыларымыздың қауіпсіздігі мен денінің саулығын бірінші орынға қойып отырмыз, — дейді мектеп-гимназияның директоры Салтанат Жігітекова.
Сақтық шаралары мен қорғаныш құралдарын көзбен көріп, біздің де көңіліміз жай тапты. Мектеп ауласында артық адамның жүрісі де байқалмайды. Ал мектептің кіре бересінен мамандар дене қызуыңды тексеріп, антисептик қолданғаннан кейін ғана білім ошағына кіргізуде. Өткен оқу жылының ҰБТ қорытындысы бойынша аудан көлемінде екінші орыннан көрініп, 15 түлектері оқу грантын жеңіп алған гимназияның жұмысына біз де сәттілік тіледік.