2 қараша күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев «Atameken Business» телеарнасына департаменттің төтенше жағдайға байланысты аймақта жарияланған карантиндік режимнің сақталуына байланысты жүргізілген мониторинг жұмыстары туралы сұхбат берді.
Сұхбат барысында департамент және «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тарапынан карантиндік режим жағдайында дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауына, карантиндік бекеттердегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына, денсаулық сақтау мекемелерінің ідеттің ықтимал екініші толқынына дайындығына жүргізілген мониторингтік жұмыстар туралы баяндады.
— Наурыз айында карантиндік бекеттерге жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталған. Атап айтсақ, бекеттерде алгоритмдік жұмыс ережесі нақтыланбаған, блок постар толық қажетті құрал жабдықтармен қамтылмаған, тіпті кей бекеттерде қауіпсіздік ережелері сақталмағандығы анықталды. Мониторинг қорытындысы бойынша Департамент тарапынан анықталған кемшіліктерді жою бойынша бірқатар мекемелерге ұсыныстар беріліп, карантиндік бекеттер қалыпқа келтірілген болатын. Сондай-ақ, карантиндік бекеттерде жүргізілген мониторинг жұмыстары ондағы орын алған заң бұзушылық фактілерін де көрсетті, — деді Р.Төлебаев.
Департамент жанынан құрылған Арнайы мониторингтік топ мүшелері ағымдағы жылдың 29 сәуірінде Жамбыл ауданындағы Шайқорық ауылдық округінде орналасқан карантиндік блок бекетте карантин кезінде заңсыз тасымалдаумен айналысатын тұлғалар анықталған. Заңсыздыққа жол берген жауапты қызметкерлерге тиісті шаралар қолданылды.
Бұдан бөлек, облыс әкімдігі жанынан Прокуратура, экономикалық тергеу, облыс әкімдігі, Полиция департаменті және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілдерінен тұратын жедел топ құрылған. Жедел топ өкілдері қоғам белсенділерімен бірлесіп күнделікті облыс бойынша дәрі-дәрмекті негізсіз жоғарғы бағамен сату, қолдан дәрі-дәрмек тапшылығын жасау, дәрілік заттарды белгіленбеген орындарда сату фактілерін анықтау бойынша мониторинг жүргізуде.
Бүгінге дейін аталған топ 16 аурухана мен емханаға, 158 дәріханаға, 2 қоймаға мониторинг жүргізген. Жүргізілген мониторинг жұмыстары бойынша 32 дәрілік заттарды негізсіз жоғары бағамен сату фактісі және 10 дәрілік заттарды белгіленбеген орындарда сату фактісі анықталған.
Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері пандемияға бөлінген қаражатты жымқырды деген дерек бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Осылайша күдіктілер мемлекетке 8 730 560 теңгеге залал келтірген.
Сұхбат барысында осы және өзге де өзекті мәселелер талқыланып, сұрақтарға жауап берілді.