Тарихы тереңде жатқан Жамбыл ауданындағы Өнер мектебі бастауын сонау 1974 жылдан алады. Сол кезден бергі жарты ғасыр белесінде алтын ұя талай таланттарды түлетіп ұшырды. Бүгінде мұнда 1462 бала түрлі өнерге баулынып, аудан атын айтулы аламандарда асқақтатуда.
— Өнер мектебінің тарихы тереңде жатқанымен 2019 жылға дейін қонысын таба алмай келген болатын. Алайда 2019 жылы музыка мектебі Өнер мектебі болып өзгертіліп, мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өтті. Қазір шәкірттерімізді 11 мамандық бойынша 75 мұғалім мен 24 қосымша пән ұстаздары тәрбиелеуде. Бізде балалар би, актерлық шеберлік, қобыз, домбыра аспабында ойнау, эстрадалық вакал сынты тың өнер түрлерін де игере алады.
Аудан орталығынан бөлек, 5 ауылда филиалдарымыз бар. 294 адамға арналған концеттік залымыз да қызмет көрсетеді.
Коронавирус пандемиясына байланысты қазір балалармен жек жұмыстар жүргізілуде. Қолөнер, сурет сынды үйірмелерде 6-7 баладан оқытылып жатыр. Би сынды топтық үйірмелерде болса, бала саны 12-ден аспауда.
Бір ғана Аса ауылынан бізге 543 бала қосымша тәлім алуға келетіндіктен сақтық шараларына барынша көңіл бөліп жатырмыз. Антисептик, тюннель, қорғаныш құрылғылары орнатылған.
Шәкірттеріміздің жетістіктері де аз емес. Әртүрлі хор мен ансамбльдеріміз түрлі байқауларда өнер көрсетіп, жүзден жүйрік шығуда. Осылайша биылғы қиын жағдайға қарамастан жұмысты тоқтатпай, балалардың денсаулығына да көңіл бөліп, жұмыс жүргізудеміз, -дейді Өнер мектебінің директоры Сарвиназ Қосанова.
Елді мекеннің өзінен осындай елді елең еткізетін өнер түрлеріне баулып жатқан мектептің жұмысына біз де тәнті болдық. Ауыл жастарын рухани байыту бағытындағы бұл тірліктер көпке үлгі екені даусыз.