Жыл басынан бері Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты Тараз қалалық №2 пробация қызметінің есебінен 396 сотталған өтіп, оның 39-ы қоғамдық жұмысқа тартылған.
Алайда, тиімділігін дәлелдеп үлгерген қоғамдық жұмыстан жалтарғандар да бар. Тараз қалалық №2 пробация бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Бағдат Байтуреев ағымдағы жылы қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден жалтарғандардың ісі сотқа жолданғанын жеткізді.
— Қазіргі таңда Тараз қалалық №2 пробация бөлімінің есебінде тұрған 3 сотталған азамат қоғамдық жұмыстарды атқарып жүр. Бүгінде олар қала көшелерін сыпырып, шаһардың тазалығына өз үлестерін қосып жүр.
Егерде сотталған қоғамдық жұмыстан бас тартқан жағдайда, пробация қызметі сотқа қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін – қамаққа алумен ауыстыру туралы ұсыныс жолдайды. Жыл басынан бері дәл осындай 8 сотталғанның құжаты Тараз қалалық №2 сотына жолданып, олардың жаза түрі қамаққа алумен ауыстырылды, — деді Б.Байтуреев.
Гульмира Бекмуханбетова,
Тараз қалалық №2 пробация бастығының орынбасары әділет майоры