Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында мектеп оқушыларының қауіпсіздік мәселесін баса айтқаны белгілі. Осыған орай бүгінде өңір-өңірлерде ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Ал Жамбыл облысы Жамбыл ауданының білім саласы бұл бағыттағы жұмыстарды жыл он екі ай жүйелі жүргізуде.
Мәселен, ауданда құрылған 5 мобильдік топ айына 2 рет тұрақты түнгі рейдтер жүргізуде. Жыл басынан бері аудан мектептерінде психологтардың ұйымдастыруымен 3 рет жасырын сауалнама алу жұмыстары жүргізіліп, оған 8-11 сынып аралығында 3852 оқушы қатысып, қорытындыларында ақша жинау, бопсалау, балаларды ұрып-соғу, суицидке бейімделу сынды оқиғалар анықталмаған. Сонымен қатар, «Түнгі ауылдағы балалар», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Қауіпсіз мектеп», «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» акциялары мен «Отбасы және мектеп» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында М.Төлебаев атындағы өнер мектебіне 11 бағыт бойынша 1464 оқушы (9 пайыз) қамтылса, мектеп жанындағы түрлі үйірмелерге 13528 (83 пайыз) оқушы тартылған. 2020 жылдың шілде айының қорытындысымен аудандық полиция бөлімінің есебіне 6 оқушы тіркелген. Алайда есепке алынған оқушыларға мектеп әкімшілігі тарапынан тәлімгерлер бекітіліп, қадағалау жұмыстары жүргізілуде.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау мәселесіде назардан қалмауда. Ауданда осындай сипаттағы балалар саны – 139 болса, соның 77-ы (55,3%) – қамқоршылық пен қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге берілген .
2020 жылы 4 бала отбасы үлгісіндегі балалар үйіне тапсырылса, 8 балаға қорғаншылық пен қамқоршылық белгіленген.
Бұдан бөлек мектеп қабырғасындағы оқушыларды бейнебақылауға алу, дәретханаларды ішке орнату сынды сақтық шаралары да қырағы жүргізілуде.Бұның бәрі ең бірінші ұрпақ қауіпсіздігі үшін жасалып отырғаны даусыз. Сондықтан аудандық білім бөлімінің жұмысын бас бармақпен бағалауға тұрарлық.