Қордайда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытының аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұсынған гранттың арқасында Қордайдың құрылыс нарығында жаңа қатысушы — «Темірлан» ЖК пайда болды. Жеке кәсіпкер ұсынып отырған сұйық көбікті бетонмен шатырларды жылыту қызметі және көбікті блоктардың өндірісі аудандағы жаңа бағыттардың бірі, — деп жазады Tugyr.kz.
Өз ісін жаңа бастап келе жатқан кәсіпкердің айтуынша жеке кәсіпті қолға алу мәселесі әскерге шақырылғанға дейін ойына келген. Ол кезде Темірланның сүтті ешкілерді көбейту, сүт өнімдері мен жүнін өңдеу фермасын салу бойынша жоспары болған. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін бизнес-жоспар жазып, несие алу үшін қажетті құжаттарды жинаған. Алайда, кәсіпкерлікті бастау үшін қажетті білімнің жеткіліксіз болғандығынан жоба мақұлданбай қалды. Қалай болса да көздегеніне жетуді мақсат еткен Темірлан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы ұйымдастырған арнайы курстарына жазылып, бизнесті жүргізу негіздерін оқып, бизнес-тренермен бірге жоба жазып, оны сәтті қорғап шыққан. 505000 теңге көлеміндегі грантқа көбікті блоктарды құюға арналған қалып пен компрессор сатып алған. Темірлан жақын арада көбікті блок өз қасиеттерінің арқасында құрылыста дәстүрлі құрылыс материалдарының орнын басатынына сенімді.
— Күн сайын құрылыс материалдар нарығы жаңа түрлерімен толықтырылып тұрады. Олардың ішінде көбікті бетоннан жасалатын көбікті блоктар бар. Өзінің көпіршікті құрылымының арқасында олардың кірпіш, бетон мен сабан кірпіштерден бірқатар артықшылығы бар. Біріншіден, бұл кірпіш пен бетонға қарағанда жылы оқшаулағыш қасиеттері жағынан көп есе асып, жылуды жақсы ұстайды. Көбікті блокты пайдалану жылыту мен кондициялауға кететін шығындарды анағұрлым азайтады. Екіншіден – аязға төзімді. Көбікті блок кезекпен қатыру мен жібітудің 25 циклына дейін шыдап береді. Үшіншіден – оның экологиялығы. Көбікті бетон шірімейді және тозбайды. Құм, цемент, су, көбік сынды табиғи таза материалдардан жасалған көбікті блоктың жарамдылық мерзімі – 100 жыл. Сонымен бірге, ең бастысы – үнемділігі. Көбікті блоктардан қаланған үйге сылақ қажет емес, және блоктарды қалау барысында арасын бекіту үшін ерітінді аз мөлшерде кетеді. Орташа көлемді үй салу үшін шамамен 1000-1200 блок қажет. Бұл да үнемділік. Сондықтан бұл өнім сұранысқа ие, дегенмен нарықта ұсыныс аз, — дейді жас кәсіпкер.
Қазіргі таңда көбікті блок өндірісін бастау – табысты іс. Технология мен өндіріс көлемін таңдау қолда бар бастапқы қаражатқа байланысты. Істі минималды қаражатпен бастап, үлкен және заманауи өндіріске айналдыруға болады.