Қордай ауданындағы қоғамдық қабылдауға аудан әкімі арнайы қатысып, 200-ден астам талап-тілек тыңдалды, деп хабарлайды Tugyr.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Қордай ауданында іске асырылып, апта бойы аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған бірқатар мекеме және ұйым басшылары аудан бойынша қоғамдық қабылдаулар өткізуде.
Қоғамдық қабылдау Қаракемер ауылдық округте жүргізіліп, ауыл тұрғындары көтерген сұрақтарына жауап алып, проблемаларын шешу мүмкіндігіне ие болды. Осындай кездесулер Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында өтті. Сондай-ақ қабылдау Қарасу ауылында ауылдық әкімдік маңындағы саябақта болды.
Ауыл тұрғындары арқалап келген сұрақтар қатарында жолдарды жөндеу, көшені жарықтандыру, сумен қамту, тұрғын үй құрылысына жер бөлу, мобильды интернет сапасын жақсарту секілді мәселелер болды. Бірқатар сұрақтарға түсіндірулер берілсе, бірқатары аудан әкімінің бақылауына алынды.
– Бүгін мен жеке сұрақпен келдім. Аудан әкімімен көзбе-көз сөйлестім, көмектесемін деп уәде берді, — дейді Қарасу ауылының тұрғыны Дәулет Абықаев.
— Мемлекет басшысының бастамасын қолдаймын. Аудан басшылығы келіп, тұрғындарға көмектескені қандай жақсы. Биыл ауылымыз газдандырылмақ, ауылішілік жолдар жөнделуде. Жағдай жақсарып келеді. Мемлекет басшысына, аудан және облыс басшылықтарына рахмет. Бүгін Қарасу ауылында айтуыл оқиға орын алуда, — дейді Өтеген ауылының тұрғыны Айдарбай Битанов.
Қоғамдық қабылдау кешке дейін жалғасты. Қауіпсіздік пен тәртіп құқық қорғау органдарының өкілдерімен қамтамасыз етілді. Бұл күні қабылдауға 41 адам келіп, 38 сұрақ бойынша түсіндіру беріліп, 3 сұрақ бақылауға алынды. «Колхоз» аумағы бойынша өткізілген қоғамдық қабылдауларға жалпы 523 адам келіп, 482 сұрақ бойынша түсіндіру беріліп, 41 мәселе бақылауға алынды.