A place where you need to follow for what happening in world cup

Қордайда төрт спорт кешені бой көтеруде

0 85

Биылғы жыл Қордай жұртшылығы үшін жағымды жаңалыққа толы болды. Маусым айында ауданда бірден 4 спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, деп хабарлайды Tugyr.kz.

Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігерлердің айтуынша желтоқсан айының соңына дейін жұмыстар аяқталуы тиіс. Атап айтсақ, Қордай, Әлжан ана, Бетқайнар және Отар ауылында заманауи спорт кешендері бой көтереді. Әр спорт кешенінің құрылысына 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Қордайда түрлі деңгейдегі дүбірлі додаларда топ жарып, еліміздің көк байрағын желбіреткен спортшылар жетерлік. Мәселен, ауданның мақтанышына айналған Марат Мәзімбаев, Төлеген Ақылбеков, Светлана Голендова сынды дарынды жерлестеріміздің жетістігін айтуға болады.

Ал, осындай ел абыройын асқақтатар спортшыларымыз көп болуы үшін, әрине бірінші кезекте халықтың спортпен шұғылдануына қажетті жағдай жасау қажет. Ортақ қуанышымызға орай, соңғы уақытта ауданда бұқаралық спортты дамыту жұмыстарына мықтап ден қойылған.

Әр ауылда шағын футбол және воркаут алаңшалары бірінен соң бірі бой көтеруде. Бірнеше жыл бұрын Қордайда 320 орындық заманауи спорт кешені қолданысқа берілді. Аудан бойынша спорт секцияларының саны артып, үш спорт мектебі жұмыс істеуде. Бүгінде спорт мектептерінде 4499 оқушы тіркелсе, ауданда жалпы 316 спорт нысаны жұмыс істейді. Бұл нысандардың барлығы ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына қолжетімді. Осының арқасында тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 46 мыңға жақындап, жалпы тұрғындардың 31,6 пайызын құрады.

Биыл аудан бойынша 80-нен астам спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, оған он мыңнан астам азамат қатысты. Алайда, пандемия өзінің кері әсерін тигізбей қоймады. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиевтің айтуынша, биылғы талай жоспарлар орындалмай қалды. Десе де, жыл соңына дейін бірқатар спорттық іс-шараларды өткізу жоспарда бар.

Дидар Молдағалиевтің айтуынша аталмыш спорт нысандарында барлық стандарттарға сәйкес келетін алаңда футбол, волейбол, баскетбол ойнауға мүмкін болса, сонымен қатар күрес, бокс және жаттығу залы да болады. Әр нысан толықтай спорттық жабдықтармен қамтылады және киіну бөлмесі, душ та қарастырылған.

Жоспар бойынша аталмыш нысандарда жаңа спорт секциялары ашылып, оған көршілес ауылдардың балалары да тартылмақ. Бұл әрине, бұқаралық спортты дамыту ісіне айтарлықтай үлес қосары анық.

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.