A place where you need to follow for what happening in world cup

Қордайда қымыз өндірісі жандануда

0 79

Қымыз өндірісі- табысты кәсіпке айналып келеді. Қазір дертке шипа, жанға дауа жылқы сүтіне сұраныс та жоғары. Қордай ауданында да қымыз өндірісі жандана бастады, — деп хабарлайды Tugyr.kz.

Уақыт тынысын тап басқан азаматтар әрі табысты әрі елге де пайдалы кәсіпті дөңгелетіп отыр. Еңбегін емген жандар қайырымыдылықты да ұмытқан емес. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен қатар түрлі өкпе ауруына шалдыққан науқастарға да тегін саумал мен қымыз үлестіріп, сауапты істі де қолға алып отыр.

Емдік сусын өндірісін қолға алған «Білдебай» шаруа қожалығында бие сауу жұмыстары таңғы сағат 7.00-де басталып, кешкі сағат 19.00-ге дейін әр екі сағат сайын жалғасатын көрінеді. Мұнда, бие сауу үшін жасалған сауын аппараты арқылы күніне 16 бие сауылып, тәулігіне 80 литр сүт алынады. Шаруашылық басына арнайы кезекпен келетін тұрақты клиенттер саумалды жылыдай ішкеннің пайдасы мол екенін жақсы біледі. Дегенмен, профилактикалық курсты әр адамның ағзасының ерекшелігін есепке ала отырып өту қажет!- осылай деген Әскербек Тлепберген сауу барысында барлық санитарлық нормалар сақталып, тазалық жұмыстары да өз уақытымен жүргізілетіні айтты.

— Қымыз сусыны бірден дайындалмайды, алдымен биеден сүт сауылады. Оны «саумал» деп атайды. Мың да бір дертке дауа . Сауын барысында өте қатаң тазалық шараларын ұстанамыз. Бір тамшы су қосылса сусынның құрамы бұзылады. Біз оны қатаң ұстанамыз,-дейді шаруа қожалығының жетекшісі Әскербек Тілепберген.

 

Сонымен қатар, Әлжан ана ауылында орналасқан «Ата Баба тілегі» этникалық ауылына да қымыз өндірісі жақсы дамыған. Дулат Салыбаевтың ойына мұндай ерекше орынды жасау осыдан үш жыл бұрын келген екен. Қазір тас жолдың жиегін бойлай өскен қалың ағашты саябақтың ішіне киіз үйлер тігіліп, ағаштардың көлеңкесінде биелер сауылады. Мұнда саумалмен қатар, қымыз да бар. Балаларға арнайы алтыбақан да қойылған. Бие сауылғанша ұлттық нақышта әрленген киіз үйлерде ұлттық тағамдардан дәм татуға да жағдай жасалған. Тағы бір емдік қасиеті мол бал өнімі де кәсіпкердің жеке омартасында өндіріледі екен.

-Бүгінгі таңда тұрғындардың таза әрі сапалы өнімге деген сұранысы өте жоғары. Сусындармен қатар келген қонақтар бал өнімдерін де сатып алып жатады. Бағасы да көңілге қонымды,-дейді кәсіпкер Дулат Салыбаев.

Айта кетейік, қымыз өнірісін қолға алған Қордайлық кәсіпкерлер қайрымдылық шарасын да назардан тыс қалдырмаған. Мүмкіндігі шектеулі балаларға емдік сусынды тегін үлестірсе, ауруханада жатқан науқастарға да шипалы өнімді ақысыз ұсынуда.

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.