Аса ауылының орталық алаңында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Жуалы және Жамбыл аудандарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге қос өңірден 17 шаруа қожалық пен жергілікті тауар өндірушілер қатысып, аудан тұрғындарына табиғи таза әрі сапалы өнімдерді тиімді бағада ұсынды. Алаңға жиналған халықтың көп болуы өңірлік өнімнің сұранысқа ие екенін анық аңғартты.
Жәрмеңке тұрғындар үшін мереке секілді. Ет, шұжық, сүт өнімдері, сары май, көкөніс, балық, бал, жеміс-жидек, кондитерлік және тағы басқа көптеген өнім сөреге толды.
Жәрмеңке жұмысы таң сәріден қызды. 3 тоннаға жуық ет өнімдері, 3 тоннадан аса сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа – бұл сауда мерекесіне жеткізілген азық-түліктің бір парасы ғана. Жалпы, 21 түрлі тауар сатылымға шығарылған. Арзан бағада сатылған өнімдерге аудан тұрғындары да ризашылықтарын білдірді.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіндегі азық-түлік сөрелерін аралаған аудан әкімі Сәкен Арубаев пен Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков тауарлардың сапасы мен бағасына назар аударып, саудагерлермен емен-жарқын әңгімелесті.
Онда болған біз аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлымен тілдескенімізде, ол: «Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында өткізіліп отыр. Сондықтан, өндірушілерден тауардың белгіленген межеден асырмай сатылуын талап еттік. Жәрмеңкенің басты артықшылығы – бағаның төмендігі. Азық-түлік нарықтық құннан төмен бағада саудаланды. Тауар өндірушілер өнімдерін делдалсыз сатып, табыс тапты. Ал тұрғындар қажеттісін сатып алды», – деді.
Тұрғындарды да әңгімеге тартып, жәрмеңке туралы ойларын білген едік.
– Ауданымызда мұндай жәрмеңкелердің жиі ұйымдастырылғаны жөн деген ойдамын. Өйткені, бұл бір жағынан аудан тұрғындарының арзан бағада экологиялық таза өнімдерді тұтынуына жағдай жасаса, екіншіден ауылдағы қарапайым шаруалар мен фермерлердің өз өнімдерін еш делдалсыз аудан тұрғындарына сатуына мүмкіндік береді, – деді асалық тұрғын Досым Каипов бізбен әңгімесінде.
Айта кетейік, жәрмеңке барысында карантин талаптары қатаң сақталып, тұрғындар бетпердемен жүрді.
Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өз жалғасын табатын болады.