Білім күні Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Түрксіб ауылында №6 мектеп-гимназиясы өз есігін айқара ашып, ондағы алғашқы сабақты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткізді.
Карантиндік шектеулерге байланысты дәріске тек бірінші сынып оқушылары мен мектеп бітіруші түлектер қатысты.
— Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап жастардың сапалы білімі мен саналы тәрбиесіне үлкен көңіл бөлінуде. Жыл сайын білім күні қарсаңында жаңа мектептер ашылуда. Білім сапасын, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға айрықша назар аударылуда. Жаңа заманауи мектептерде балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Еліміздің ертеңі үшін өздеріңізге артылатын жауапкершілік салмағын сезініп, сіздердің білімді және бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуларыңыз аса маңызды, — деп бастады сөзін Бердібек Сапарбаев.
Сабақ барысында аймақ басшысы қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы жас ұрпақтың рөлін, балаларды ұлттық дәстүр негізінде тәрбиелеудің маңыздылығын талқылады.
— Достық пен өзара түсіністік – біздің басты байлығымыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз осы жылдар ішінде бар жиғанымыз бен жеткен жетістіктерімізді сақтай аламыз. Бұл орайда жас ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктелген.
Бірлік – тұрақтылықтың негізі. Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған мемлекет қана дамиды.
Қазақ халқы қашаннан өзінің достық және бауырмашылдық қасиеттерімен ерекшеленеді. Көптеген жылдар бұрын Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтар бізге қонақжайлылығымыз үшін алғыстарын жаудыруда. Жастар баршамыздың ортақ үйіміздегі тыныштықты бұзуға ешкімнің құқығы жоқ екенін түсінуі керек, — деді аймақ басшысы.
Ол үшін балалардың бойында ерте жастан Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, ата-бабамыздың бай тарихы мен мәдени мұрасы туралы үнемі әңгімелеп отыру керек.
— Сіздердің барлық күш-жігерлеріңіз сапалы білім алуға бағытталуы тиіс. Спортпен шұғылданып, көркем әдебиет оқып бос уақытты тиімді өткізу керек. Ой-өрістеріңізді кеңейте отырып, өздеріңізге жаңа мүмкіндіктер ашасыздар. Болашақты қазірден ойлап, кейін өкінбеу үшін қателікке бой алдырмаңыздар, — деді Бердібек Сапарбаев.
Сабақ барысында оқушылар облыс әкіміне қашықтықтан оқытудағы түрлі мәселелерге қатысты сауалдар жолдады. Аймақ басшысы 23 мыңнан астам оқушы оқуларын дәстүрлі форматта жалғастырып жатқанын тілген тиек етіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру аясында мектептерді күндізгі оқытуға қайтару бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.
— Оқушылар мұғалімдермен бетпе-бет кездесе отырып, сыныптастарымен қатар, сабақты бірге оқығаны дұрыс. Біз барлық мектептерді дәстүрлі негізде оқытуға тезірек көшіруге тырысамыз. Бірақ ол өзімізге байланысты. Егер барлық тұрғындар санитарлық нормаларды тиісінше сақтай білсе, онда қауіпті вирустан құтылып, қалыпты тіршілігімізге оралар едік, — деді облыс әкімі.
Балалар әкімнен қазір қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін де сұрады.
— Бүгінде өңірде құрылысшылар, IT және ауылшаруашылығы мамандары жетіспейді. Бізге ара, балық шаруашылығын және жеміс-жидек кластерін дамытатын мамандар қажет, — деп жауап берді Б.Сапарбаев.
Сонымен қатар, өңірде дәрігерлер де тапшы. Бұл мәселені шешу үшін облыста С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалын ашу жоспарлануда.
Міне, осылайша Бердібек Машбекұлы жаңа оқу жылындағы жаңаша форматтағы алғашқы сабақты өзі өткізіп берді. Дәрістен оқушылар да тұщымды ой түйгендерін айтып, аймақ басшысына деген алғыстарын білдірді.
Ал жаңадан ашылған №6 мектеп-гимназиясы заманауи робототехника кабинетімен, лингафон және мультимедия бөлмелері, кең акт және спорт залдарымен, кітапхана, асхана, тігін және ағаш шеберханаларымен қамтылған. Мектеп екі ауысымда 600 оқушыны оқытуға қауқарлы. Балалардың қауіпсіздігі үшін 20 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Түрксіб ауылында бұдан бөлек мыңнан астам оқушы білім алатын А.Макаренко атындағы тағы бір мектеп бар десек, бұл оқу ордасында бұған дейін орын тапшылығы сезілген. Енді міне жаңа №6 мектеп-гимназиясының ашылуымен ол мәселе өз шешімін тауып отыр. Бұл жаңа оқу жылында оқушыларға жасалған теңдессіз тарту болғаны анық.