«Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияішілік праймериз өткізу туралы қабырғалы ережеге қол қойғаны баршаңызға мәлім. Күні кеше Елбасы праймериздің болашаққа бағытталған нық қадам екенін айтып, Үндеу жариялады. Бұл шараның келешегіне көз жүгіртсек, оның тиімділігін әрі шын көшбасшыларды анықтауға бағытталған бастама екенін аңғаруға болады.
Партияішілік іріктеу – бұл кәсіби біліктілікті, өз ісінің мамандарын, жауапты тұлғаларды таңдауға жол ашатын, қоғамды дамытуға серпін беретін, нағыз көшбасшыларды қарапайым ел арасынан табуды көздейтін игі қадам.
Бұл ереженің ұтымды жағы әділ бәсекелестік арқылы депутаттық мандатқа жаңа кандидаттарды анықтау екенін де айта кеткен жөн.
Ерекше айта кетерлігі, жалынды жастар үшін де саясатқа жол ашылмақ. Өзге мемлекеттердің қолданысына енген праймериз уақыт сынағынан қайнап шыққан жоба. Ұйымдастыру қабілеті жоғары азаматтар партия жұмысының жандануына, ілкімді жобалардың мақсатты аяқталуына, партияны көшбасшылық сатысынан түсірмеуді қамтамасыз ететінін ескерсек, нағыз отаншыл, еліне езіліп еңбек етер азаматтарды осы саяси додаға белсене атсалысуға шақырамын.
Сәкен Арубаев,
Жамбыл ауданының әкімі