Қазіргі уақытта суицид, яғни өз-өзіне қол жұмсау тек Қазақстандағы емес, әлемдегі өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы толағай табыстарға жетті. Өмірдің заңдылығына сәйкес кемшіліктерде аз емес. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде Қазақстанда 100 мыңға жуық адам өзі-өзіне қол жұмсап қайтыс болған. Бұл көрсеткіш Жамбыл ауданының қазіргі уақыттағы жалпы халық санынан көп болып тұр. 30 жылдың ішінде бір ауданның халқынан айырылып отырмыз. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, былтыр 3 805 отандасымыз өз өмірін қиған болса, олардың 887-сі 15 пен 29 жас аралығында. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы суицид статистикасына сенуге болмайды. Себебі, біздің қоғамда өз-өзіне қол салғандарды немесе соған әрекеттенгендерді айыптап, сыртынан ғайбаттау көп. Осыны ескергендіктен марқұмның жақындары өлім себебін суицидпен байланыстырмауға тырысады. Демек, кей деректер арнайы статистикаға ілінбей қалады. Қазіргі уақытта заманның ағымымен қатар, ақпараттық технологиялардың дамуы адамның түпкі сана сезімі арқылы алып жатқан ақпараттарға фильтр қоя алмауы салдарынан кері қарай рухани дағдарысқа ұшырап жатады. Оған отбасылық әлеуметтік жағдайының төмендеуі қосылып шешілмейтін түйінге айнгалғандай болып көрінеді. Асыл дінімізде өз-өзіне қол жұмсау ауыр күнәға жатады. Өйткені өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең. Қоғамымызда орын алып жатқан осынау сорақы қылмыстың ең басты себебі иманды тәрбиенің жетімсіздігі екендігіне куә болып жүрміз. Иман болмаған жерде күдік пен күпірдің қатар жүруі заңдылық. Алланың елшісі (с.а.с.) өз кезегінде әрбір мүмін пенденің имани жағынан күшті болуын талап етеді. Тіршіліктегі тауқыметтер мен қателіктер үшін торығу мен түңілуге салынып, өмірден баз кешіп, үмітсіздікке бой алдырмауын ескертеді. Ақын Майлықожа айтқандай:
Адамның күні бар ма сыналмаған, Бақ тайса мал менен бас құралмаған. Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле Сонда да күдер үзбе бір Алладан!
Өмірде қандай қиындық көрсек те , Тәңірден күдер үзбей, тәуекелшіл бола білу, жақсылықтан үміт ету нағыз мұсылмандық қасиет.
Дігәр Айтмұханбет Айдосұлы
Қарой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман іс-жүргізушісі