1 қыркүйек – Білім күні. Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді. Білім беру мекемелерінің педагогтары мен жетекшілері 1 қыркүйек күні білім қабырғаларын аттағалы тұрған оқушылар мен тәрбиеленушілерді қарсы алады. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.
Бұл көрініс №2 орта мектебінде өткен «Достық. Отаншылдық. Тәрбие.» атты сынып сағатында орын алды.
Шараға Қаракемер ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әуелбаев, аудандық «Шұғыла-Радуга» ЖШС газетінің бас редакторы Сансызбай Махамамбетқұлов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, Қаракемер ауылдық округінің әкімі Жәнібек Әуелбаев, мектеп ұжымы, оқушылар, ұстаздар қатысты.
Тәрбие сағатында біздің жас мемлекетіміздің түп негізі, мәңгілік ұстанымы – бейбітшілік пен келісімге, бірлік пен тұрақтылыққа бағытталғаны. Қазақстанда осы қағиданы ұстанған қаншама ұлт өкілдері ауызбіршілікте өмір сүруде. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келетіні жайлы айтылды.
Сын сағатта сөз сөйлеген мектеп директоры Ақерке Тілебалдиева:
«Тәрбие басы – тал бесіктен – демекші, осы асыл қасиеттерді балаға жастайынан сіңіру қажет. Жас ұрпақ тәрбиесін де дана халқымыз бей-жай қарамағаны белгілі. Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Өйткені, бүгінгі бала, ертеңгі ел иесі. Бұл жауапты міндетті іске асыруда ата-ана, мектеп, ұстаз бен қоғамның орны бөлек. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған», – деп жаңа оқу жылымен құттықтады.
Келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев оқушыларға білім жолында белсенділік танытып, еліміздің еңсесін көтерер азамат болуға талпыну керек екендігін тілге тиек етті.
Салтанатты шара соңында 9-10 сынып оқушылары өлеңдері мен тақпақтарын айтып көңіл серпілтті.