Талас ауданындағы Сәду Шәкіров ауылында орналасқан «Табыс» шаруа қожалығы бүгінде төрт- түлікті асылдандыру бағытында жұмыстар жүргізіп келеді. Қалың құм ішіндегі «Кіші айдарлы» жайлауына мал өрген шаруалар жұмысымен танысуға аудан басшылары мен ветеринария саласының мамандары барып, олардың жағдайын білді.
Мемлекет қолдауының арқасында 150 млн. теңге несие алып, шаруасын ширата бастаған Таластағы «Табыс» шаруа қожалығы бүгінде шынында табысқа кенеліп отыр. 5000 бас қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы мен 140 жылқысы бар ұжым бірден асыл тұқымды мал шаруашылығы бағытына көшкен. Себебі, қазіргі таңда мал етін елімізбен қатар, шет елге де экспорттауға болады. Шаруашылық жұмысымен танысқан аудан атқамінерлері іргелі серіктестіктердің жұмысына қашан да қолдау бар екендігін айтты.
Шаруашылықта негізінен етті бағыттағы қойлар өсіріледі. Әсіресе, Еділбай, Гиссар тұқымды салмағы 160 келі тартатын қошқарлар арқылы мұнда қойды қолдан ұрықтандыру жұмысы жүргізілуде. Оның өзіндік пайдасы бар дейді мал дәрігерлері. Жалпы, Талас ауданында алдағы уақытта барлық шаруа қожалықтарын ірілендіріп, асыл тұқымды бағытқа көшіру жоспарда бар. Өйткені, саннан сапаға көшкен жағдайда өнімділік те артатын болады.
Мұнда малшыларға барлық жағдай жасалып отыр. Шопандарға жеке тұрғын үйлер салынып, мал суару үшін жайылымдарға 12 құдық қазылған. Күн панельдері арқылы электр жарығы да қойылып беріліпті. Қазір шопандар айына 200 мың теңге алады. Бұл ауылды жер үшын жоғары жалақы дейді шаруашылық жетекшісі. Жалпы, «Табыс» шаруа қожалығында 20 адам жұмыс істейді. Өткен жылы ұжым төрт жаңа техника алған.
Шалғайдағы шағын ауылда орналасқан ұжым енді осы жайлаудан 3000 бастық мал бордақылау кешенін салып, ет бағытындағы жұмыстарға мықтап кіріспек ниетті. Ол үшін аудан әкімдігі шаруаларға жан жақты көмек көрсететін болады.