A place where you need to follow for what happening in world cup

Таразда Кенен Әзірбаев ескерткіші ашылды

0 285

Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған мерекелік шаралар легі Кенен Әзірбаев ескерткішінің ашылу салтанатына ұласты. Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерінің ескерткіші «Баласағұн» орталық концерт залы ғимаратының алдына орнатылған, — деп хабарлайды «tugyr.kz» Ақпараттық Агенттігі.

Кенен Әзірбаев — қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Дастан жанрын жастайынан жырлаған. Қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы. 150-дей ән толғап, әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды. Кенен Әзірбаевқа биыл 135 жыл.

Кенен Әзірбаев ескерткішін ашу құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев, облыстың құрметті азаматы Сүгірбеков Төлеу Аманжолұлы және Кенен атамыздың ұрпағы Мұрат Кененовке бұйырды.

– Өз даласының құдіретін жырға, әнге қосқан азаматтар батырлар да ақындар да аз болмаған. Солардың ішінде бірегейі Алатаудың ақиығы сал серінің соңы, жыр алыбы Жамбылдың шәкірті жыр дүлдүлі, ән дүлділі Кенен атамыздың ескерткішін ашып отырмыз. Бұл үлкен іс- шара, облысымыздың 80 жылдығына арналды. Осындай ізгі ниетті перзенттік парыз санаған облыс әкімі мен аппаратына ұйымдастырған жалпы азаматтарға алғыс айтқым келеді, -деді Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан аймақ басшысы Асқар Мырзахметов  пен  Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова барша жамбылдықтар атынан ескерткішке  гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң қонақтар Қордай аудандық К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі әзірлеген көрмені тамашалады.

Айта кетейік,  жыр алыбы – Жамбылдың жанында жарты ғасыр уақыт жүріп қазақ ауыз әдебиетінің мол мұрасымен қаныққан Кенен аты ұлт мәдениеті тарихында алтын әріппен жазылған есім саналады. Өткен жылы жыр дүлдүлінің есімі облыстық филармонияға берілген болатын. Сондықтан да оның ескерткіші дәл осы облыстық филармония қоныстанған «Баласағұн» орталық концерт залының алдына қойылуы өте ұтымды ұсыныс болып отыр. Демеушілер қаражаты есебінен салынған тас мүсінді мүсінші Көлжігіт Темірхан әзірлеген.

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.