A place where you need to follow for what happening in world cup

Таразда Мемлекеттік рәміздер күніне орай 90 пәтердің кілті табыс етілді

0 350

Мемлекеттік рәміздер – елдігіміз бен теңдігіміздің нышаны. Ұлттық нақыштарды ұлықтау әрбір азаматтың парызы. Осы орайда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні жылда бар салтанатымен аталып өтуде. Биыл да бірлігіміз бен тәуелсіздігімізді айшықтаған айрықша мейрам Жамбыл облысында жоғары деңгейде мерекеленді.

Ең әуелі жамбылдықтар «Жастар» аллеясында жиналып «Елтаңбам – елдігім, көк туым – теңдігім» ұранымен патриоттық акция асында авто-мото-велошеру ұйымдастырды. Одан кейін ҚР Тұңғыш Президенті саябағынан бастау алып, барлық мекемелер мен серіктестіктерде Мемлекеттік Әнұран бір мезгілде шырқалды.

Ал мерекенің үлкен тартуы – ол «Арай-2» ықшамауданында тараздықтарға берілген 90 пәтердің кілті болды. Шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, көпшіліктің қуанышымен бөлісті.

– «Баспана – бақыт шамы» дейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл «5-10-20» жаңа тұрғын үй бағдарламасы жандануда. Бұл жоба өзіндік жемісін беретіндігіне бек сенімдімін.

Бұған дейін облысымызда «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» сынды мемлекеттік бағдарламалар бағдарлы жүргізілді. Соның нәтижесінде былтыр 2000-ға жуық азамат пәтер кілтіне қол жеткізді. Жалпы тұрғын үй кезегінде бүгінде 32 мың адам тұрған болса, биыл біз тағы 53 көпқабатты үйдің құрылысын жүргізудеміз. Соның есебінен 4000-ға жуық тараздық баспана бақытына кенеледі.

Бүгін «Арай-2» ықшамауданынан 2 тұрғын үйді пайдалануға беріп, 90 пәтердің кілтін тапсырып жатырмыз, – деп ізгі тілегін білдірген аймақ басшысы қуаныш иелеріне пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы көпшілікпен бірге көпқабатты үйді аралап көріп, қоныс той иелеріне құтты болсын айтып шықты.

Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында коммуналдық үй ретінде «Бином» ЖШС құрылысын жүргізген нысан жоспарға сай дер кезінде беріліп отыр. Мұнда 18 жетім, 43 әлжуас топтағы азаматтар және 29 бюджеттік мекеме қызметкерлері тұратын болады.

Қоныс құтты болсын, құрметті жамбылдықтар!

 

Саятхан Сатылғанов

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.