A place where you need to follow for what happening in world cup

ТарМУ диплом басып шығарумен айналыса ма?

0 480

Жақында өткен Ұлттық сенім кеңесінің үшінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім берудің сапасына айрықша тоқталып, сапалы білім беріп, білікті маман даярлаудың орнына диплом сатумен айналысатын оқу орындары бар екенін, дипломды басып шығарумен ғана айналысатын мұндай университеттердің артында кім тұрса да, қызметіне тоқтау салу керек екенін айтқан болатын. Бұл ретте, «Жас Алаштың» Жамбыл облысындағы қосынына келген М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың заң факультетінің бір топ оқытушылары: «Біздіңше, президент назар аударған бұл мәселе бойынша кейбір фактілерді М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дан да кездестіруге болады», – дейді. 

«Қазіргі білім жүйесіндегі басты тренд барлық деңгейде сапалы дамуға көшу болып табылады. Сондықтан білім беру үрдісінің негізгі принциптерін жүзеге асыра отырып, ұлттық білім берудің барлық буынында сапаны жақсартуда бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Алайда біздің университетте білім берудің сапасын арттыру жұмыстары ректорат тарапынан дұрыс ұйымдастырылмай келеді. Оқу орнын сегіз жылдан бері басқарып келе жатқан ректор Махметғали Сарыбеков 2019 жылдың желтоқсан айында зейнет жасына толғанына қарамастан, өз қызметін әлі жалғастырып келеді. Заң факультетінің деканы З.Абдукаримованың да қызметінде заңға қайшы əрекеттер байқалады», – дейді наразы ұстаздар.  

Осы орайда, Құрманбек Сағымбеков, Халилжан Сүлейменов, Абдуғаппар Әлімбетов және тағы да басқа ТарМУ-дың мемлекеттік және әкімшілік құқық кафедрасының доцент-оқытушылары өздері ұстаздық ететін оқу ордасындағы осы және басқа да да заңға қайшы әрекеттерді жайып салуға президент Қ.Тоқаевтың «диплом басып шығарумен айналысатын оқу ордалары» жайлы айтқан сынынан соң, белдерін бекем буыпты. Бұл ретте, біз ТарМу ұстаздарының айтқандарын тоғыз тармаққа бөліп, шып-шырғасын бұзбай жариялауды жөн көрдік.

Біріншіден, З.Абдукаримованың қызметке келуімен күндізгі бөлім студенттеріне деген көзқарас өзгерді. Факультет деканы оқытушыларға дəрістерге жүйелі қатыспаған студенттерге жоғары баға қоюды міндеттейді. Қазіргі таңда студенттердің жекелеген пəндер бойынша сабаққа қатысуы 40 пайызға да жетпейді. Оқытушылар студенттер қозғалысын есепке алып, сабаққа қатыспағандар туралы деканатқа мәлімет бергенімен, ол бойынша тиісті шаралар қолға алынған жоқ. Жаңа деканның келуімен заң факультетінде сессия кезінде «бармақ басты, көз қыстымен» жоғары баллдың нақты сомасы бекітілгені де ашық айтылып жүр.  Профессор-оқытушылар құрамының (ПОҚ) алдында өз беделін жоғалтпау үшін ол кейде бірқатар студенттерді оқудан шығару бұйрығының жобасын стендке іліп қояды. (Алайда этикалық нормаға сай, мұндай құжат жария етуге жатпайды). Осыдан соң декан студенттермен, олардың ата-аналарымен сөйлесіп, ақшалай сыйақы алуға келіссөздер жүргізетін сияқты. Өйткені жалған бұйрықтан кейін деканаттың алды ата-аналар мен студенттерге толып кетеді. Бұл факт сыбайлас жемқорлықтың белгісі емес пе?

З.Абдукаримова жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің деканы болған кезде онда облыстық прокуратура қызметкерлері тексеру жүргізген. Нәтижесінде әкімшілік, қылмыстық заңбұзушылықтарға жол берген оқу орнының басшылығы үлкен көлемдегі айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Кейбір деректер бұл соманың 150 миллион теңгенің шамасында болғанын растайды. Бұл айыппұлды төлеу университеттің қаржылық ахуалына кері əсер етті. Аталған тексеріс пен оған төленген айыппұл жайында ешқашан айтылмады.

 Ал азаматша З.Абдукаримова жауапкершілікке тартылудың орнына қызметі өсіп, заң факультетінің деканы қызметіне тағайындалды. Бүгінде факультет деканымен диплом жұмыстарына жетекшілерді бекіту кезінде білім және ғылым министрлігімен ұсынылған біліктілік талаптары өрескел бұзылуда.

Үшіншіден, жаңа декан қызметіне кіріскен 1,5 жыл ішінде белгісіз себептермен сабақ кестесі, кешкі бөлімде оқитын студенттер мен оқытушылар арасында аудиториялық байланыс жоғалды. Алайда деканат тарапынан әрбір аттестациялық апта соңында баға қоюға арналған ведомость ұсынылады. Бұл жағдай деканның бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Оған қоса, төтенше жағдай кезінде кешкі бөлім студенттеріне оқу үрдісіне қатысты ешқандай әдістемелік нұсқаулық берілмеді. Кешкі бөлім студенттеріне жоғары балл қою жөніндегі нұсқау әлеуметтік желідегі топтар арқылы түсіп жатты. Деканат бұл әрекеттерін олардың оқу ақысын төлеп отырғанымен түсіндірді. Осылайша ПОҚ толығымен кешкі бөлім студенттеріне жиынтық баллды қойып беруге міндеттелді.

Төртіншіден, З.Абдукаримова факультетке жетекшілік еткелі бері заң факультетінің сырттай бөлім студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы арасында аудиториялық байланыс жойылды. Сәйкесінше, студенттерге қорытынды бағаны қою жүйесінің қалай жүзеге асатыны белгісіз күйінде қалып отыр. Оған қоса, сырттай бөлімде оқып, университет есігін ашпағандар да диплом алып жүр.

Бесіншіден, З.Абдукаримованың жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің  деканы болған кезінде ол жүйелік қателіктерге жол беріп,  білім беру заңдылықтарын өрескел бұзды. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау азаматтардың өтінішіне сай, конкурстық жүйемен жүргізілетіні белгілі. Оқуға түсуге ниетті  азаматтармен келісімшарт жасалады. Ал оқыту күндізгі бөлімде жүргізіледі. Алайда З.Абдукаримова декан болып тұрған тұста бұл факультетте құқық қорғау органдарында және өзге де мемлекеттік мекемелерде қызмет жасайтын магистранттар өз жұмысында жүріп білім алды. Тіпті кейбір магистранттар мемлекеттік білім беру грантын иеленіп, жалақымен қоса, шəкіртақы да алып тұрды. Бұл дегеніңіз мемлекет қаржысына қол сұғу емес пе? Өйткені шəкіртақы мен жалақыны қатар алып жүрген магистранттар сабаққа келместен, өз жұмысын жалғастыра берді.

Алтыншыдан, факультеттің профессор-оқытушылар құрамы білім саласындағы заңдылықтар мен еңбек қатынасына қайшы жасақталған. Қазіргі таңда азаматтық құқық жəне іс жүргізу кафедрасының А. есімді  профессоры оқу жүктемесі мен сабақ кестесіне байланысты тиісті дəрістерді  жүргізуі керек болса, факультет деканының ауызша бұйрығымен бұл сабақтарды кафедраның өзге оқытушылары өткізуге мəжбүр. ҚР «Оқу процесін кредиттік технология бойынша ұйымдастыру ережелерін бекіту туралы» заңына сай, ол профессор бұл дәрістерді міндетті түрде өзі өткізуі тиіс. Бұл ереже бойынша, А. ханым аудиториялық дəрістердің 30 пайызын өзі өткізуі керек. Бұл А. ханымның ТарМУ-дағы қызметі тек магистрлік жəне ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етумен шектеліп қалмау керегін көрсетеді. Аталған жағдайға байланысты берген жауабында ректор Сарыбеков профессор А.-ның өз оқу  жүктемесін қашықтан атқарып отырғанын айтады. Қазіргі таңда А. ханым заң факультетінің азаматтық құқық және іс жүргізу кафедрасының  зерттеуші-профессоры қызметін атқарады. Еңбек заңнамасына сай, негізгі қызметінен қол үзбей, екінші қызметті қоса атқару басқа тұрақты қызметінен бос уақытында жүзеге асырылуы керек.  Заң нормасына қарамастан,  А. ханым бір мезгілде  еліміздегі  үш жоғары оқу орнында дəріс оқиды. Оның екеуі Алматы қаласында, ал біреуі Тараз қаласында орналасқан. Мұны ТарМУ басшылығы біле тұра, мүдделі болып отыр.

 Осылайша заңсыз жалақы аудару есебінен 2017 жылдың шілде айынан бері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті 6 394 520 теңге зардап  шекті.  Бұл жағдайға  университет ректоры М.Сарыбековтің тікелей қатысы бар. Өйткені Сарыбековтің қызы Еуразия ұлттық университетінде   А. ханым мүшелік ететін диссертациялық кеңесте докторлық диссертация қорғаған. Бұл уақытта А. ханым Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры қызметін атқарған. Оған қоса, профессор А. 2018-19 оқу жылында біздің оқу ордамыздағы бакалавриаттың алты студентіне жəне сегіз магистрге ғылыми жетекшілік жасады. Ал доцент З.Абдукаримова 12 магистрантқа жетекшілік етті. Олардың дипломдық жəне магистрлік жұмыстарының тақырыбы бір-біріне сай келеді. Бұл ретте, білім берудің нормалары мен ережелері бұзылған.

Жетіншіден, заң факультетінен Еуразия ұлттық университетіне докторантураға түскен оқытушылардың ешқайсысы кері оралмады. Олардың арасында университет ректорының қызы Салтанат Сарыбекова да бар. Ал бұл жағдайдан хабардар факультет деканы мемлекеттік тапсырыс есебінен оқыған оқытушылардың университетке кері оралмау мəселесіне көз жұма қарап отыр. Ал заң бойынша мемлекеттік тапсырыс есебінен докторантураны тәмамдағандар кемі үш жыл өз университетінде ұстаздық етуі қажет.

 Сегізіншіден, университетте салынып жатқан жатақхана жайында айтсақ. Бұл ретте, ректор М.Сарыбеков: «Биыл біз жаңа студенттік жатақхана құрылысын бастадық. Жатақхана құрылысы бюджеттен қаржыландырылмады. Біз қаржы көзін өзіміз іздей бастадық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында инвестор іздеуге тырысып көргенімізбен, ешқандай нәтиже болмады. Өйткені инвесторлардың барлығы да құрылыстан өз пайдасын ойлайды. Соңында біз басқа жолмен жүрдік. Анатолий Пак есімді кәсіпкер жетекшілік ететін «ПИКО» құрылыс компаниясымен консорциум құрылды», – дейді. Осылайша ойдан  құралған жоспар бойынша университет жаңа жатақхана құрылысының жартысын қаржыландырады. Ал қалғанын «ПИКО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алады. Құрылыс жұмыстарының жобалық құны 1 миллиард 350 миллион теңгені құрайды. Өз кезегінде университет құрылысқа  жер телімін бөле отырып, жобалық-сметалық құжаттама, техникалық шарттарға қаржы қарастырады.

Бүгінде жатақхананың алғашқы қабаттарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отырған жаңа нысанның сыйымдылығы 500 орынды құрайды.

Осы орайда, барлығының көкейінде «Неге М.Сарыбеков ректорлыққа келгелі университеттегі барлық құрылыс жұмыстарының тапсырысын «ПИКО» құрылыс компаниясы алады?» деген заңды сұрақ туады. Оған қоса, М.Сарыбеков пен «ПИКО» құрылыс компаниясы арасындағы келісімшарттың қандай азаматтық-құқықтық келісімге сай жасалғаны белгісіз. Өйткені келісімшарт туралы мәліметті интернет-ресурстан кезіктіре алмадық.

Тоғызыншыдан, ұзақ жылдан бері шетелдік студенттер тарапынан университеттің қаржы саясатына қатысты шағымдар толассыз түсіп жатыр. Өз болашақтары үшін туған жерінен жырақта білім алып жүрген жастар оқу ақысын банктер арқылы төлейді. Осы сәтте олар АҚШ долларын теңгеге айырбастау есебінен едәуір зардап шегеді. Өйткені олардың ата-аналары оқу ақысына қажетті қаржыны өз елдеріндегі валюта бағамына сай аударады. Осылайша студенттер оқу ақысына 60-70 мың теңгеге дейін артық аударып жүр. Есеп бөлімі шетелдік студенттердің артық аударған қаржысын оқу жылының соңында ала алатынын айтады. Ал осы бөлімнің кейбір қызметкерлері студенттердің өз ақшасын кері қайтаруға кеш өтініш жасауын себеп етіп, оларға тиесілі қаржыны қайтарудан бас тартылатынын алға тартады. Егер университетте қазір 800-ге жуық шетелдік студент оқиды десек, онда университет басшылығының ешқашан, ешқайда жарияланбайтын бейресми табысының қаншалықты екенін оңай есептеуге болады.

Нұрболат ӘЛДИБЕК

Жамбыл облысы

Дереккөз: https://zhasalash.kz/

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.