Жамбыл спортының жұлдызы әркез биік. Өңір спортшылары кеңестік кезеңнің өзінде әлемдік ареналарда атой салып, Олимп биігінде де бағындырды. Тәуелсіздік таңында да мерейімізді үстем етіп, абыройымызды асқақтатқан толағайларымыз аз емес. Ал өткен жыл Жамбыл спортында несімен есте қалды? Байрақты бәсекелерде байрағымызды биіктеткен саңлақтарымыз кімдер? Және биылғы дуы басым бәсекелерден не күтеміз? Осы орайда өткен жылды таразылап, биылғы жылға бағдар жасап көрген едік.
Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны 328,2 мың адамға жетіп, облыс тұрғындарының 30,5 пайызын құраған. Яғни Елбасының «2020 жылға дейін бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 30 пайызға жетуі керек» дегене межелі тапсырмасы артығымен орындалып отыр.
— Салауатты өмір салтын жанына серік еткен 14-29 жасқа дейінгі жастар саны 148,9 мың адамды құрады. Ал жазғы спорт түрлерінен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерін тапсырғандар саны облыс халқының 36,5 пайызы немесе 411,6 мың адамға жетті. Өңірдегі спорт мекемелерінде 33 208 спортшы (22806 спортшы ауылдық спорт мектептерінде) тұрақты түрде спортпен шұғылдануда.
Басқарма тарапынан облыстағы спорт нысандарының қажеттілігіне талдау жасалып, спорт нысандарының құрылысын жүргізу картасы әзірленді. Картаға сәйкес облыс бойынша 2019 – 2021 жылдар аралығында барлығы 28 дене шынықтыру-сауықтыру кешені (Тараз қаласы 4, Байзақ ауданы 4, Жамбыл ауданы 5, Жуалы ауданы 1, Қордай ауданы 5, Меркі ауданы 3, Мойынқұм ауданы 1, Т.Рысқұлов ауданы 2, Сарысу ауданы 1, Шу ауданы 2) мен Тараз қаласында 2 манеж (гимнастикалық және жеңіл атлетикалық) құрылысын салу және 3 нысанды қайта жаңғырту (Тараз қаласы 1, Жуалы ауданы 2) жоспарланған. Сонымен қатар ағымдағы жылы Жамбыл ауданы, Аса ауылында (сметалық құны 594,6 млн. тенге) және Шу ауданы Толе би ауылында (сметалық құны 295,0 млн. тенге) дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Аталған дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы өтпелі болғандықтан, құрылыс-монтаж жұмыстарын 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Жергілікті тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін қоғамдық кеңістіктерде, аулалар мен саябақтарда 2019 – 2020 жылдар аралығында 266 спорт алаңшасын салу көзделген. Оның ішінде 2019 жылға 174 алаңша, 2020 жылға 92 алаңша жоспарға енді.
Бүгінгі күнге 176 спорт алаңшасы (Тараз қаласы – 51, Байзақ ауданы – 16, Жамбыл ауданы – 12, Жуалы ауданы – 9, Қордай ауданы – 15, Меркі ауданы – 12, Мойынқұм ауданы – 12, Сарысу ауданы – 10, Талас ауданы – 6, Т.Рысқұлов – 9, Шу ауданы – 24) қолданысқа берілді, — дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.
Толығырақ айтсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша 2456 нысан тұрғындар үшін қолжетімді болды. Аталған нысандарда келушілердің спортпен шұғылдануына арнайы кесте жасалып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында және басқарманың, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ресми сайттарында жарияланған.
Облыста білім беру мекемелерінің спорт нысандарына сабақтан тыс бос уақытта жалпы білім беретін мектептердің спорт залдарын кеңінен пайдалану үшін облыс әкімдігінің спорт және білім басқармалары, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері арасында 3 жақты меморандум жасалған. Сонымен қатар жастайынан мүгедектерге, 7 жасқа дейінгі балаларға, көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Тараз-Арена» спорт сарайының бассейні мен жаттығу залына және «Дельфин» бассейніне кіру тегін. 7 жастан асқан оқушылар мен студенттерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Қазіргі кезде облыста 48 спорт мекемесі бар десек, олардың 30-ы аудан әкімдіктерінің құзырында. Ал спорт мекемелерінде спорттың 46 түрі қамтылған. Оның ішінде 25 олимпиадалық, 13 олимпиадалық емес және 8 ұлттық спорт түрі. Сондай-ақ спорт мекемелерінде 926 оқытушы-жаттықтырушы жұмыс атқарады.
2018 жылы облыс спортшылары барлығы 1547 медальға қол жеткізсе, 2019 жылы жамбылдық жампоздар әлем, Азия чемпионаттары мен Кубогы жолындағы халықаралық жарыстарда және Қазақстан Республикасы чемпионаттары мен Кубоктарында барлығы 1591 медаль иеленген. Оның 577 алтын, 442 күміс, 572 қола медаль. 910 спортшы ұлтты құрама сапына алынған. 103 спортшы ҚР спорт шебері, 20 спортшы ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 9 адам ұлттық спорт төрешісі және 3 адам жоғары санаттағы ұлттық спорт төрешісі нормативтерін орындаған. Сондай-ақ 537 спортшыға «ҚР спорт шеберлігіне кандидат» спорттық атақтары берілген.
Өткен жылдың ірі спорттық жетістіктеріне келсек, мемлекет мақтанышы Елдос Сметов дзюдодан Токио қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ал Серікбаев Нұрқанат дзюдодан Алматы қаласында жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Ануарбек Архат самбодан Ташкент қаласында жастар арасында жалауы желбіреген әлем чемпионатында жүзден жүйрік шықса, Жексен Бейбарыс бокстан жастар арасында Улан-Батор қаласында түндігін түрген Азия чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ Жексен Азияның ең үздік боксшысы атанды. Дәл сондай Сұлтан Бабаханов, Серік Назерке, Валерия Семенова бокстан жасөспірімдер арасында Фуджейра қаласында өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақса, Нұрданат Айтанов, Нұрланбек Әбдінұр еркін күрестен жасөспірімдер арасында Тайчжун қаласында алауы тұтанған Азия чемпионатында абыройымызды асқақтатты. Аязбек Элизат самбодан Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатында теңдессіз атанса, Қордабай Мейірбек грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі ересектер арасында Монғолияда өткен Азия чемпионатында қола жүлдемен қуантты. Юлия Просветова, Анел Нұржанова спорттық акробатикадан Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылған әлем Кубогында алдарына жан салмаса, Жұмағали Ержанов паратаэквондодан Амман қаласында өткен ашық Азия чемпионатында күміс, ал Карибай Ерболат пауэрлифтингтен Нұр-Султан қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегер атанды. Берік Нұрымов болса, шахматтан Валтеллина (Италия) қаласында түндігін түрген ХІХ қысқы Сурдлимпиадалық ойындарында ел тарихындағы тұңғыш алтын медальға қол жеткізді. Бұдан бөлек ұлттық ат спортты ойындарынан алауы тұтанған Бірінші Азия чемпионатында ҚР Ұлттық құрамасының сапында облысымыздың 6 спортшысы өнер көрсетіп, чемпиондық тәжді төбелерінде көтерді. Сонымен қатар аталған аламанның ел біріншілігінде «Әулие-Ата» көкпар командасы қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан Республикасының 10 дүркін чемпионы атанды.
Міне бұл жамбылдық жампоздарымыздың өткен жылы қол жеткізген жетістіктері. Алда көкпардан Президент кубогы сарапқа салынғалы тұр. Сондай-ақ биыл елімізде аударыспақтан «Қазақстан қабыланы» халықаралық додасы ұйымдастырылады. Одан бөлек жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және көкпар ойындарынан әлем біріншіліктері түндігін түреді деп күтілуде. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен Түркияда өтетін ІҮ Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында және ат үстінде садақ атудан Оңтүстік Кореяда жалауы желбірейтін XVI әлем чемпионатында өңір өрендері мерейімізді үстем етеді дегенге сенім мол.
Ал тышқан жылының ең айтулы аламаны – ол әрине Токио Олимпиадасы. Ағымдағы жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызында өтетін Олимпиада ойындарында спорттың 33 түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Әзірге ел спортшылары 21 жолдамаға қол жеткізіп отыр. Рио Олимпиадасында осы уақытта қоржынымызда 45 лицензия болғанын ескерсек, спортшыларымызға қамшы салу қажет. Ұлттық Олимпиада комитеті Токио Олимпиадасындағы меже – 100 жолдама деп отыр. Демек, бізге артқа шегінуге жол жоқ. Тек жеңіске жігер қосып, жолдама жолында жан салып, таласқа түсу қажет.
Дәл қазір Жапония жерінде бақ сынауы мүмкін жерлестеріміздің тізімі жасалған. Атап айтсақ, Токиода дзюдодан Елдос Сметов, бокстан Әбілхан Аманқұл, таэквондодан Руслан Жапаров, каратэ-додан Гузалия Гафурова, жеңіл атлетикадан Светлана Голондево мен Михаил Красилов, жүзудан Зульфия Габидуллина және Әділ Қасқабай ел мен облыс намысын қорғайды деген үміт бар. Одан бөлек таэквондошы Елдос Ысқақ, боксшы Асланбек Шымбергенов, дзюдошыларымыз Бекәділ Шаймерденов пен Азиз Қалқаманұлы, еркін күрестен Мейіржан Аширов, каратэ-додан Игор Чихморев, оқ атудан Бақтияр Ибраев және су добынан құрамамыз резервте тұр. Қосалқы құрамдағы спортшылырымыздың алды Азия биігін бағындырған болса, кейінгілері ел чемпиондары. Сондықтан резервтегі саңлақтарымыздың өзі «сен тұр, мен атайын» деген дарабоздар. Сондықтан күдіктен көрі, үміт басым. Аталған спортшыларымыз Токио төрінде көк байрағымызды биіктетеді деп сенейік. Өйткені Жамбыл спортының жұлдызы әркез жарық болған. Осыны саңлақтарымыз жіті түйсінетіні анық.
Ендеше жасасын, Жамбыл спорты! Алға, жампоздар!