A place where you need to follow for what happening in world cup

Жүгері жиналып жатыр

0 163

Бүгінде дала дүбірге толған. Қайда бармайық, жер-ана төсінде нағыз қарбалас шақ туған. Адамды да, техниканы да осында кезіктіресің.
«Әрекет болмай, берекет болмайтынын» ойға түйген «Қызылдиқан» өндірістік кооперативінің диқандары күн ұясынан көтеріле егістікті бетке алып, жұмысқа жұмыла кірісіп жатқаны.
Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың кезекті жұмыс сапары кезінде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев және аудандық фермерлер одағының төрағасы, аудан әкімінің кеңесшісі Аманалы Құрбанов бар топқа біз де ілескенбіз. Беталысымыз – Тастөбе ауылы. Кеше ғана осы елді мекендегі қант қызылшасы қазығының қарқынды жұмысын көріп, көңіліміз толған.
Енді міне, ауылдың шығыс жақ беткейіндегі жүріп жатқан жүгері жинау науқанына куә болып тұрмыз.
Әлгінде жолда осында келе жатып, уатылған жүгеріні қорабына тиеп алған бір сарықасқа Газ-53 көлігін байқағанбыз. Қайда алып барады? Осы сауалдың жауабын алқап басында білдік. Өндірістік кооперативтің төрағасы Нуритдин Бегмановтың айтуынша, алдын ала жасалынған келісім-шарт бойынша жүгеріні «Аса-Даму» құс фабрикасына алып барады екен.
Сол сәтте Ерлан Қыдыралыұлы: – Биыл көктем уақытында келгенімен, ауа райы теріс мінез танытып, жұмысқа қолбайлау болды. Жаңбыр жаумады, ағын су жылдағыдан аз болды. Соның салдарынан еккен дақылдар кейбір жерлерде өспей қалды. Өскеннің өзінде сирек болып, өнімді жылдағыдай ала алмадық. Дегенмен, істің тетігін, жұмыстың жүйесін тапқандар көңіл көншітер өнім алуда. Мұндайда алдымен қызылдиқандықтардың қажырлы еңбегін айтып өтпеу мүмкін емес. Кеше көрген қант қызылшасының өнімділігін көріп көңіліміз көтерілген-ді. Олар үшін ең бастысы, келісімшартты орындау, көкқағаз иелеріне (дивиденд) тиесілі арпа, бидай, шөп, жүгерісін беру болса, бұл да шетінен орындалып жатыр.
Аудан бойынша биыл жүгері 1749 гектарға орналастырылды. Кейбір шаруашылықтар жүгерісін орып үлгерген. Нуритдин Бегманов жетекшілік ететін кооператив екі-үш күнде жиын-терінді аяқтауды көздеп отыр, – деді Нұрекеңе қарап.
– Дұрыс айтасыз. Шаруашылық бойынша биыл 50 гектар жүгері ектік. Одан да көп егуге мүмкіндігіміз бар еді. Оған, жасырары жоқ, ауа райының қолайсыздығынан қорықтық. Ауа райын болжаушылар келер жылы су мол болады деп отыр. Лайым, солай болсын, – деді төраға.
Алқаптағы жүгеріге «Лида» астық комбайнын түсіріп, он-он екі жүйекті бірден алып, бункер толған дәнді көлік қорабына жүктеуде.
Бұл көрініске ризашылық танытқан Сәкен Қаланұлы: – Шаруашылық атын «Қызылдиқан» деп атауларыңызда үлкен мән жатқан секілді. Мұндағылар нағыз диқан екен. Кешегі қызылша алқабындағы, бүгінгі жүгері алқабындағы көріністерге көңіліміз толады. «Әрекет болмай берекет болмайды» дегеніміз осы шығар. Еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді диқандармен қоштасып жатып.

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.