Жуырда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінде жедел-кеңес өтіп, онда 2021 жылдың І жарты жылдығының нәтижелерімен алдағы кезеңге арналған басым міндеттері талқыланды. Онлайн режимде өткен басқосуға облыстық ҚАЖ департаментінің басшы құрамы, мекеме және бөлім бастықтары қатысты.
Жиынды ашқан департамент бастығының міндетін атқарушы әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков қатысушыларға ІІМ-нің кеңейтілген Алқа отырысында қойылған міндеттерімен берілген тапсырмаларын, сондай-ақ «2019-2021 жылдарға арналған ІІО жаңғырту жөніндегі Жол картасына» сәйкес реформалау шеңберіндегі ауқымды өзгерістерді жеткізді.
Теңізжан Нұрмаханұлы сондай-ақ ағымдағы 1 шілдесінен бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің заңды күшіне енгеніне, онда ішкі әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырумен байланысты қатынастар, сонымен қатар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі реттелгеніне тоқталып өтті. Әділет полковнигі жеке құрам қызметкерлерін сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеуге және ІІО қызметкерлерінің қызметтік әдеп нормаларын сақтауға шақырды.
Басқосу қорытындысына сәйкес, ағымдағы жылдың ІІ жарты жылдығында облыстық ҚАЖ қызметінің басым бағыттары анықталып, жауапты тұлғаларға сотталғандар арасында қылмыстың алдын алу және болдырмау, ұстау режимін нығайту және жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау сияқты ҚАЖ қызметін одан әрі жақсарту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі