A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбыл ауданында абыз аналарға құрмет көрсетілді

0 190

Жамбыл ауданында ғасыр жасаған бес кейуана бар. Соның бірі – Күлбарам Сүгірова. Тіл-көзіміз тасқа, бүгінде 110 жасқа иек артса да, Күлбарам әжей ширақ. Қырғыз елінде туып-өскен ол Аса ауылына тұрмысқа шығып, осында ұрпақ өрбітті. Ауданның өркендеуіне еңбегімен үлес қосты. Жастайынан қызылша алқабында жұмыс істеген қария бейнеттің бел ортасында жүрді. «Дарақ бір жерден көгереді» дегендей, осы салада ұзақ жылдар бойы тер төгіп, құрметті зейнетке шықты. Ақ жаулықты ана ел игілігіне бағытталған еңбекпен қатар отбасы құндылықтарына да көңіл бөлуді ұмытпады. Құдай қосқан қосағы екеуі екі қыз тәрбиелесе олардың қатары бүгінде 8 немере мен 15 шөбереге жетіп отыр.

Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген кейуананы Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудан әкімі Сәкен Арубаев арнайы құттықтап барды. Әжейге алқызыл раушан гүлдерін ұсынып, сый-сияпатын табыс етті. «Мен де өзіңіз сияқты әжейдің тәлім-тәрбиесін алып өстім. Сіздей аяулы әжейді көргенде, тілдескенде, сол кісіні еске алып, сағынып тұрамын. Жалпы, атасы мен әжесі аялап өсірген ұл текті болып ер жететініне, ал қыз бала қазаққа тән ибалылықты бойына сіңіріп өсетініне көзім анық жетті», – деген өңір басшысы әжеймен емен-жарқын әңгімелесті.

Дана қазақта «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. «Жұмақ – ананың табанының астында» деген де ұлағат қалған. Міне, сол себепті де ақжаулықты аналарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Әйел-аналарға қамқорлық жасау – Мемлекет басшысы жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Біз сізді жақсы білеміз, ұзақ жылдар бойы қызылша алқабында еңбек еттіңіз. Жас күніңізде бейнет кешіп, қазір зейнетін көріп отырсыз. Сол еңбектің арқасында осынша жасқа келдіңіз. Ұл-қыздарыңыздан немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған бақытты әжесіз. Бұған үлкен тәубе. Біз сіздің бұдан да ұзақ өмір сүруіңізді қалаймыз. Деніңіз сау болып, мерекеден мерекеге аман-есен жете беріңіз, – деп тілек білдірді Сәкен Қаланұлы.

Әжейге деген ізгі тілегін аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов, Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов те жеткізді.

Жүректен шыққан шынайы тілекке әжейдің көңілі көтеріліп қалды. Аналық алғысын айтып, батасын берді.

– Еңбек еткен адам жерде қалмайды. Қызылшаның арқасында марапаттың барлығын алдым. Сол еңбегімді елеп, ескерген Президентімізге, арнайы құттықтап келген сізге үлкен рахмет. Аспанымыз ашық, күніміз жарық болсын. Жұмыстарыңда жемісті болыңдар. Менің жасымды сендерге берсін, – деп батасын берді.

«ЕҢБЕК ДАҢҚ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Арубаев «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері, ауданның «Құрметті азаматы, Жалпақтөбе ауылының байырғы тұрғыны Валентина Иванованың шаңырағына арнайы барып, жастайынан еңбек қазанында қайнап өскен әжеймен емен-жарқын әңгімелесті.


– Сүт пісірім уақыт аралығында құлыншағын сағынып, төбесін көргенше сары уайымға түсіп, ауыртпалықты жүрегіне артатын аналарымыздың алдында барлығымыз еркелеп, шырын сөздерімізді ылғи айтып отыратын болсақ, ана жүрегі күннен-күнге жасара бермек, – деген Сәкен Қаланұлы көпбалалы ананың иығына ақ орамал жауып, өзімен бірге алып келген сый-сияпатын ұсынды.
Бүгінде кіндігінен өрбіген 6 ұлдан 15 немере, 13 шөбере көріп отырған Валентина әжей халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтай келген аудан басшысына алғысын білдірді.

35 ШӨБЕРІ БАР ӘЖЕЙДІҢ ШАҢЫРАҒЫНДА БОЛДЫ
Көктемнің қарлығашындай келетін мереке қарсаңында аудан әкімі Сәкен Арубаев Гродеково ауылының тұрғыны, 103 жастағы Тавли-Оглы Султанның үйінде болды. Бүгінде 9 баласынан 30 немере, 35 шөбере сүйіп отырған әжейдің ақ батасын алып, төл мерекесімен құттықтады. Әжейге гүл шоқтарын ұсынып, сый-сияпатын табыстаған Сәкен Қаланұлы өткенге ой жүгіртіп, бүгінгі күнге шүкіршілік айтқан қариялардың деніне саулық, отбасыларына амандық тіледі.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.