Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер мәртебесін әрдайым биік қойып келеді. Жуырдағы Жолдауында: «Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы.Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді», — деп ұстаздық ұлы мамандық екенін тағы бір мәрте еске салды. Бұл орайда білім беру мекемелерінде ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген оқытушылар да жауапкершілік жүгін сезінетіндігі айқын. Бұған Жамбыл облысы Жамбыл ауданының білім саласындағы мұғалімдердің биігі дәлел бола алады.
Әрине сапалы білім ұстаз біліктілігіне байланысты екені белгілі. Бұл ретте Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің әдістемелік кабинеті облыста үздік деп танылып, республикалық байқауда жүлделі үшінші орынға ие болған. Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Қалмаханова болса, еліміздің «Үздік педагог – 2019» номинациясын жеңіп алып, «Әлем педагогы» байқауында үздік ондықтан көрінген. Математика, физика информатика пәндерінің мұғалімдері арасында өткен халықаралық олимпиадада В.Чкалов атындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Рабия Сабирова үшінші орынға қол жеткізсе, Б.Кейкиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақбаян Әбдікерім республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының жеңімпазы. Ал «Үздік ауыл мектебі» номнациясының иегері ретінде Ю.Гагарин атындағы мектеп лицейі мен Б.Бесбаев атындағы мектеп гимназиясы танылған.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының үздік дене шынықтыру пәнінің мұғалімі – 2019» номинациясын Төле би атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ғани Садыков иеленген.
Міне, осылайша Жамбыл ауданының ұстаздары ұрпақ тәрбиесінде үлгі болып ғана қоймай, республика көлемінде де өз биігі мен біліктілігін дәлелдеуде.